18:18, 17 Сәуір 2009
Соңғы бес жылда өз міндетін тиісті деңгейде атқармаған 108 судья қызметінен босатылды - алқа мәжілісі
АСТАНА. Сәуірдің 17-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз соңғы бес жылда еліміз бойынша өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін және өзге де себептермен 108 судьяны қызметінен босаттық. Бұл сот органдарының қызметіне қатысты жетілмеген мәселелердің әлі де болса бар екендігін көрсетеді.
Яғни, біз бұл бағытта дұрыс жұмыс істей алмай отырмыз», - деді Жоғарғы соттың төрағасы Мұсабек Әлімбеков бүгін селекторлық мәжілісте. Ол егер қалыптасқан үрдіс әрі қарай жалғаса беретін болса, сот қызметкерінің тиісті жазасын алатындығын және ешкімге де кешірім болмайтындығын атап көрсетті. «Біз Елбасының алға қойған тапсырмаларын бұлжытпай орындаймыз. Ал оны тиісті деңгейде атқару үшін жақында сот органдарының ұйымдастыру-сараптамалық қызметіне тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Оған сай егер бұрын сот органдарына қатысты тексеру жұмыстары аймақтардың барлығында бірдей жүргізіліп, тиісті баға берілетін болса, енді біз бұл бағаны өзінің әлсіздігімен көзге түскен қызметкерлерге береміз. Айта кетейін, тек заң аясында жұмыс істеп, өз қызметін абыроймен атқарып жүрген судьяларды біз тексеруден босатамыз. Оларды мүлдем мазаламауымыз керек. Біз бірінші кезекте сот жүйесіне проблема тудырып отырған азаматтармен жұмыс істейміз», - деді Жоғарғы сот төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі кез-келген сот процессуалдық мерзімді бұзып, қоғам өкілдері арасында жанжал тудырған және ақпарат құралдарында сынға ұшыраған болса, оларға қатысты тиісті жауап беріледі. «Сондықтан біз сот органы қызметкерлерінің жұмыстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отырамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар соттар алқасының қызметіне де жүргізіледі. Мен сот алқасының төрағаларына төменгі деңгейдегі соттардың жұмысын тексеруде мұқият болуларын ескертемін. Бұл ретте жалаң цифрларды қаузай бермей, нақты іске кірісу қажет», - деді М.Әлімбеков.