Соңғы бес жылда санавиация қызметі тоғыз мыңға тарта адамды құтқарған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы бес жыл ішінде санитарлық авиация қызметі 8,5 мың адамды өлімнен құтқарған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Отандық денсаулық сақтау саласының үздік дәстүрлері - медицина қызметкерлері ерен еңбегінің жемісі» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой мәлім етті.

«Соңғы бес жыл ішінде санитарлық авиация қызметі Қазақстан бойынша 6,7 мың рет аймақтарға ұшып, қатты ауырып жатқан адамдарды құтқарған. Дәрігерлер жол көтере алмайтын науқастарды сол шалғай ауылдарда операция жасап, аман алып қалған. Жалпы, бес жылдың қорытындысына сүйенсек, санитарлық авиация 8,7 мың адамды, соның ішінде 1,5 мың жүкті және жас ананы, үш мыңнан аса баланы құтқарған»,-деп хабарлады А.Цой.

Оның айтуынша, 2015 жылы ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталды. Бағдарламаның арқасында қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі 71,8 жасқа жетті, халықтың негізгі денсаулық жағайының көрсеткіштері артты, ана мен сәби өлімінің ң көрсеткіші 1,8 есеге азайып,  жалпы өлім көрсеткіші 16,2%-ға азайды. Қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім 15,4%-ға, туберкулезден көз жұматындардың жалпы саны  2,8 есеге  азайған.