13 қазан күні Көлік және коммуникация министрлігі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен оның еншілес компанияларының сондай-ақ, әуекомпаниялар мен әуежайлар басшылығының қатысуымен Көліктегі бас прокуратураның алқа мәжілісі өтіп, онда әуе және теміржол көліктері тұтынушыларының құқығын қамтамасыз етуге бағытталған заңнаманың қолданылуына жүргізілген тексерістің нәтижесі талқыланды
Тексеріс нәтижесінде әуе және теміржол көліктерінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау барысында заңнаманың жүейлі түрде бұзылып отыратыны айғақталды.
Авиациялық көлікпен тасымалдауды жүзеге асыруда түйіткілді мәселе әуе бағыттарының кестеден кешіктірілуі болып отыр. «Бұл Алматы қаласының әуежайында әуе бағыттардың тәулік бойына бірқалыпты бөлінбеуінде, оның қуатының жеткіліксіздігінде, өңірлік әуежайлар инфрақұрылымының дамытылмауында, резервтік әуе кемелердің жеткіліксіздігінде болып отыр. әуежайларда әуе бағыттарының кешіктірілуі салдарынан 2010 жыл мен 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында 60 мыңнан астам жолаушының құқығы бұзылды. Сондай-ақ, Алматы, Семей және Петропавл қалаларының әуежайларында мүмкіндіктері шектеулі жолаушыларға арналған арнайы техникалық құрылғылар болмай шықты», - делінген таратылған хабарламада.
Онымен бірге, мәлім болғандай, әуетасымалдаушылардың ведомстволық актілерінде жолаушылардың заңмен қарастырылған құқықтарын шектейтін нормалар анықталды.
Көліктегі бас прокуратура тұтынушылардың құқықтарын өрескел бұзушылықтарды теміржол көліктерінде де анықтады. Атап айтқанда, жолаушылар вагондарының тозығы әбден жеткен, ал олардың саны халықтың сұранысын қанағаттандыруға жеткіліксіз. Жазғы айларда вагондарда кондиционерлер жұмыс істемейді, көп жағдайда олар антисанитариялық күйде болады. Теміржол билеттерінің ұдайы тапшылығы адамдарды делдалдарға жүгінуге мәжбүрлейді. Онымен бірге, елдегі 284 вокзалдың 160-ы қанағаттанарлықсыз, 32-сі апатты жағдайда тұр.
«Темір жолдарда үстіміздегі жылдың 7 айында жалпы уақыты 1200 сағат болатын 1000 кешіктіру орын алды. Қарапайым санитарлық ережелерді сақтамау биыл Алматы-Атырау бағытындағы пойыздың вагон-мейрамханасында 39 баланың улануына әкеліп соқтырды. Құзырлы мемлекеттік органдардың қадағалауы жеткіліксіз деңгейде жүргізілуде», - делінген.
Көліктегі бас прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұтынушылар құқықтарының қорғалуына қадағалау жүргізетін мемлекеттік органдар көп жағдайда заңның бұзылуына өздері ықпал етеді немесе соған итермелейді. Тексерістердің нәтижесі бойынша 100-ден астам қадағалау актісі толтырылып, әртүрлі жауапкершіліктің түріне 200-ден астам тұлға тартылды.