Соңғы екі айда бензиннің импорты 132 мың тоннаны құрады

АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2008 жылмен салыстырғанда бензиннің импорты екі есеге аз. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кедендік статистикаға тоқталған министр, соңғы екі айда бензиннің импорты 132 мың тоннаны құрағанын айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, 2007 жылдың қыркүйегі мен қазан айларында бензиннің импорты биылғы көрсеткіштің деңгейінде болған.

 «Ал енді экспортқа тоқталсақ, өткен жылы тамыз, қыркүйек,қазан айлары аралығында бізде бензин экспортталған жоқ. Сондай-ақ қазір, яғни сәйкесінше үш айда экспорт 19 мың , 14 мың және 7 мың тоннаны құрады»,-деді Б. Жәмішев.

Оның айтуынша, 2008 жылмен салыстырғанда бензиннің импорты екі есеге аз.