Соңғы екі жылда балалар үйінде тәрбиеленушілер саны 2 мыңға дейін төмендеді ? Ж. Түймебаев

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Соңғы екі жыл ішінде балалар үйінде тәрбиеленушілер саны 2 мыңға дейін төмендеді.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан балалары» бағдарламасының жүзеге асуы тақырыбында өткен Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, өткен жылдары елімізде жетім балаларды асырап алғысы келетін азаматтарға көмек беру мақсатында республика өңірлерінде 6 асырап алушы ата-аналар мектебі құрылған. Соның нәтижесінде былтыр отбасы қамқорлығына 4 мың 870 бала берілген. Бұл көрсеткіш 2006 жылмен салыстырғанда 1 мың 860 балаға артық болып отыр. Сонымен бірге, патронаттық тәрбиедегі балалар саны 214-ке артып, жалпы саны 2 мыңнан асқан. «Өткен 2008 жылы Қазақстан азаматтары 2 мың 773 баланы асырап алды. Бұл 2006 жылмен салыстырғанда 82 балаға артық, бала асырап алғысы келген азаматтардың саны 33 пайызға өскендігін көрсетеді. Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің саны едәуір кеміп отырғанын көреміз. Мәселен, 2006 жылы балалар үйінде тәрбиеленуішілер саны 18 мыңнан астам болса, соңғы екі жыл ішінде бұл көрсеткіш 2 мыңға дейін азайды, бүгінгі тәрбиеленушілер саны 16 мыңға жуық болып отыр», деді Ж. Түймебаев.