Соңғы екі жылда тұрғын үй құрылысы саласындағы инвестиция көлемі 40 пайызға қысқарды - Б. Сұлтанов

АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Еліміздің көпшілік азаматтары үшін жекеменшікке тұрғын үй алу қол жетімді емес. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстандағы қол жетімді тұрғын үй - қол жетімді ипотека: қалпына келтіру бағыттары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде ҚР Президентінің көмекшісі Бақыт Сұлтанов айтты.

«Соңғы бес жылда 31 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Өткен жылы құрылыс секторының Ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8 пайыздан астам көрсеткішке жетті. Ал дағдарысқа дейінгі кезеңде, яғни 2006-2007 жылдары несиелік, сондай-ақ тұрғын үй саласындағы сұраныс кезінде құрылыс және қаржы секторларының ІЖӨ-де үлесі 42 пайызды құрады»,-деді ол.

Б. Сұлтановтың сөзіне қарағанда, 2008 жылдан бастап тұрғын үй құрылысы саласында инвестиция көлемінің төмендеуі үрдісі байқалуда. «Соңғы екі жылда инвестиция көлемі 40 пайызға қысқарды. Осының салдарынан пайдалануға берілетін тұрғын үйдің өсімінің көлемі төмендеді. Ал 2009 жылы біз бұл бағытта теріс көрсеткіштерді де байқадық»,-деді .

Осы орайда Президент көмекшісі дағдарыс салдарын еңсеру бағытында Үкімет халықты үймен қамтамасыз ету бойынша шаралардың ауқымын күшейткенін, арендалық үйлер салынып, үлескерлердің проблемаларын шешу мәселелері ескерілгенін жеткізді.

Қазіргі кезде халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде оңтайлы шараларды атқару керектігіне тоқталған ол, «бүгінде Қазақстанда бір адамға шаққандағы тұрғын үй 18 шаршы метрді құрайды. Бұл көрсеткіш дамыған елдерге қарағанда 2-3 есе кем. Атап айтқанда еліміздің көпшілік азаматтары үшін жекеменшікке тұрғын үй алу қол жетімді емес»,-деді.