Соңғы мәліметтер бойынша, Ақмола облысында аусылға шалдыққан 2 мыңға жуық бас мал жойылды
09:10, 24 Маусым 2010
АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат - Соңғы мәліметтерге сәйкес, аусыл жұқпасы анықталған Ақмола облысы Ерейментау ауданына қарасты Новодолинка ауылында 2 мыңға жуық бас мал жойылды.
Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Маусымның 23-і таңертеңгі сағат 11.00-дегі жағдай бойынша эпизоотикалық ошақта 618 бас - ірі қара мал, 804 - ұсақ мал және 513 шошқа жойылды. Сонымен бірге, 32 124 ірі қара мен 57 235 бас ұсақ мал, 14 217 шошқа мен 13 бас түйе осы жұқпаға қарсы егілді.
Еске сала кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы маусымның 15-і күні Ақмола облысы Ерейментау ауданы Новодолинка ауылында тексеру жүргізіп, 241 ірі қара мал басынан «О» антиген типті аусыл ауруын тапқан болатын. Қазір өңірге карантин салынды, эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде.