Соңғы он жылда бекіре тұқымдас балықтар 98 пайызға азайған – Бас прокуратура
Бас Прокурор атап өткендей, Жайық-Каспий бассейніндегі балық қорларын қорғау және пайдалану мәселелері жөнінде 2010 жылы Атырау қаласында өткізілген ведомствоаралық жиналыстан кейінгі үш жылдың ішінде осы саладағы жағдай нашарлай түспесе, жақсарған жоқ.
"Қалыптасқан жағдай, ең алдымен, уәкілетті органдар қызметінің тиісінше ұйымдастырылмай отыруының салдары. Әзірге көбінесе формализмге жол берілуде. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясы қызметінің тиімділігі өте төмен болып отыр. Мысалға, балық инспекциясының бірқатар бөлімдерінің инспекторлары өткен жылдың басынан бері браконьерлікпен байланысты бір де бір қылмысты анықтамаған», - деп атап өтті Бас прокурор.
Ал кейбір мәліметтер бойынша, заңсыз балық аулау өндірістік қарқынға ие болған. Бұл бекіре тұқымдастары популяциясы санының аса үлкен қарқынмен қысқаруына алып келген.
А. Дауылбаевтың келтірген мәліметтері бойынша, соңғы үш жылда Атырау облысында заңсыз айналымнан 440 тонна балық алынды, олардың арасында 12 тонна бекіре тұқымдас балықтар, 318 кг уылдырық бар, 8700 аулау құралдары алынды.
Табиғатты қорғау прокуратурасының қызметкерлері Атырау - Астрахан тас жолында биылғы жылдың қаңтарында заңсыз ауланған балықтың 16 тоннасы тиелген автокөлікті ұстады. Атырау - Доссор тас жолында жалған құжаттары бар 11 тонна балық тиелген КамАЗ көлігі ұсталды. Алайда облыстық ІІД браконьерлік фактісі бойынша қозғаған 215 қылмыстық істің бестен бір бөлігі ғана сотқа жолданған.
"Әлсіз ведомстволық бақылау, қылмыстық балық бизнесінің жоғары табыстылығы жағдайында ұйымдасқан топтардың қылмыстық схемасына көбінесе браконьерлерге көмек көрсетуші әртүрлі мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің араласуы қалыптасқан жағдайды ушықтыра түседі», - деді А.Дауылбаев.