Соңғы төрт жылда Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінің 40 қызметкері жемқорлық құқық бұзушылыққа байланысты жұмыстан босатылды
Бүгін «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеңес жиыны барысында таратылған анықтамалық мәліметтерге қарағанда, әлеуметтік сауалнамалар Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде жемқорлық сипаттағы қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейі әлі де болса жоғары екендігін көрсеткен. Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша 2009 жылдың 10 айында Ауыл шаруашылығы министрлігі және оның ведомстволық ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты 82 қылмыстық іс қозғалған. Бұл басқа мемлекеттік органдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш болып табылады.
«Анықтамалық мәліметтерде көрсетілген 82 жемқорлық құқық бұзушылық фактісі министрлік жүйесіне қарасты 43 қызметкер тарапынан жасалған. Бұлардың 40-ы қызметтерінен шеттетіліп, жұмыстарынан босатылды. Ал үш қызметкерге қатысты қылмыстық іс сот шешімі бойынша қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты тоқтатылды. Дегенмен, жоғарыда көрсетілген барлық құқық бұзушылықтар 2009 жылы емес, соңғы 4 жылда орын алған көрсеткіштер болып табылады. Дегенмен де, құқық бұзушылыққа бой алдырған қызметкерлердің тікелей 24 басшысына сөгіс жарияланды, 5 басшы жұмыстан шығарылды», деді А. Күрішбаев.