Соңғы үш аптада елге кірген 57 мыңнан астам адам санитарлық-карантиндік бақылаумен қамтылды, олардан А/Н1N1 тұмауының белгілері анықталған жоқ - А. Белоног

АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде А/Н1N1 тұмауының пайда болуын және таралуын болдырмау үшін соңғы үш аптада Қазақстанға кірген кездерінде 57 мыңнан астам адам санитарлық-карантиндік бақылаумен қамтылды. Олардан жұқпалы аурулардың белгілері анықталған жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоног мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елімізде эпидемиялық жағынан қолайсыз мемлекеттерден авиакөлікпен келіп жатқан азаматтардың денсаулығына мониторинг жүргізу жұмысы жалғастырылуда. Санитарлық-карантиндік пункттер термометрия жасау үшін қажетті жабдықтармен жарақтандырылды. Мүдделі қызметтермен және ведомстволармен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Республикамызға кірген кездерінде 57 мың 167 адам санитарлық-карантиндік бақылаумен қамтылды. Олардың 53 мың 11-і жолаушылар, 3 мың 33-і көлік қызметкерлері, 1 мың 123-і локомотивтік бригадалар мен жазғы экипаж қызметкерлері. Олардан жұқпалы аурулардың белгілері анықталған жоқ», деді баспасөз мәслихатында А. Белоног. Осы орайда ол Қазақстанда қазіргі уақытта «доңыз тұмауымен», сондай-ақ «құс тұмауымен» ауырған бірде-бір оқиға тіркелмегенін атап көрсетті. А. Белоног тұмау пандемиясы қаупінің туындауына дайындықты және уақытында қарекет жасауды қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шараларға да тоқталды. «Елімізде доңыз тұмауының пайда болуын және таралуын болдырмау жөніндегі ұсыныстарды дайындау үшін жұмыс тобы құрылды. Сәуірдің 29-да вице-премьер Серік Ахметовтың төрағалық етуімен осы жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Онда денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, индустрия және сауда, білім және ғылым, қаржы министрліктерінің басшыларының есептері тыңдалды. Кешеден бастап мемлекеттік шекарада орналасқан өңірлерге А/Н1N1 тұмауының мәселелері бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету үшін республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансаның мамандары жіберілді. Денсулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Қазақстан аумағында А/Н1N1 тұмауының пайда болуын және таралуын болдырмау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі», деді Бас санитарлық дәрігер. А. Белоног жұмыс тобының келесі отырысы мамырдың 7-сінде өтетінін атап көрсетті. Дейтұрғанмен, А. Белоног әлем жұртшылығын алаңдатып отырған А/Н1N1 вирусының алдағы күз-қыс кезеңінде Қазақстанға кіруі мүмкіндігін жоққа шығармады. «Біз осы кезеңде (күз-қыс-ред.) мұндай оқиғаның тіркелуі мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз», деді ол журналистер сұрағына жауап берген кезінде. Оның айтуынша, Еуропа елдерінің Денсаулық сақтау министрлері, олардың пікірінше, ағымдағы жылдың күзінде басталатын А/Н1N1 вирусының екінші, қазіргіден де қатал толқынына дайындықты бастап кеткен.Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, республикада 30 мың сырқатқа арналған вирусқа қарсы «Тами-флю» препаратының қоры жасалған. Республикада тұмауға қарсы жаппай иммундау жүргізілді, 500 мың адам егілген. Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станса зертханасы аса қауіпті жұқпалы ауруларды сынамадан өткізуге әзір. Тұрғындар мен жолаушылар үшін доңыз тұмауының алдын алу шаралары туралы жадынама жасалып, таратылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі әлемнің 11 елінен доңыз етін импорттауға тыйым салды. Білім және ғылым министрлігі доңыз тұмауына қарсы вакцина жасауға әзір.