Соңғы үш айда 210 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 1 қазанынан бері Қазақстанда 210 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелген. Сырқаттану бойынша бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға төмен екені белгілі болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде инфекциялық аурулардың алдын алу мәселесі талқыланды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызылша жұқтырудың циклдық жоғарылауы байқалғанын, сырқаттанғандардың 67 пайызы - егілмеген балалар екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда балаларды жоспарлы иммундау және егу үшін қызылшаға қарсы вакцинаның жеткілікті көлемі қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, қажет болған жағдайда вакцинаның қосымша көлемі алынады. ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Барлық профилактикалық шаралар жоспарлы түрде жүргізіледі», - деп хабарлады министр.

Ал еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қатысушыларды қызылша, ЖРВИ және тұмауға шалдығу бойынша эпидемиологиялық жағдаймен және қолданылып отырған шаралармен таныстырды. Оның айтуынша, эпидемиологиялық көрсетілім бойынша эпидошақтарда 30 жасқа дейінгі 2608 адам егілген.

«Республикада ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2018 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті өңірлер бойынша күн сайын мониторинг жүргізеді. Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері 210 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ мен тұмауға шалдығу 16 пайызға төмендеді. ЖРВИ-мен ауырғандардың негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр (65 пайыз)» - деді ол.

Кеңес қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау басқармаларына, аумақтық денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарына инфекциялық аурулардың алдын алу жөнінде ұсыныстар берілді. Атап айтқанда, қызылша бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізу (инфекция ошағының шекарасын белгілеу, байланыс шеңберін кеңейту, эпидкөрсетімдер бойынша иммундау), вирусологиялық зертханалардың тұмау штаммдарын белгілей отырып, науқастардан зертханалық зерттеу жүргізуге дайындығын қамтамасыз ету, интенсивті терапия көрсетуге арналған тұмауға қарсы негізгі препараттардың, дезинфекциялық препараттар мен жеке қорғаныш құралдарының резервін құру, тұмаудың клиникасы, диагностикасы, емдеу және алдын алу мәселелері бойынша медициналық ұйымдардың және білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен семинарлар өткізу шаралары тапсырылды.