ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Сағат Алтынбековтің айтуынша, осыдан үш жыл бұрын Қазақстан ТМД елдері арасында суицид деңгейінде үшінші орында тұрған болатын.
«Қазіргі таңда оның деңгейі 14 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткішке қол жеткізуде ең алдымен суицидтің алдын-алу бағдарламасы мен ведомствоаралық жоспары әзірленген болатын. Ал осы бағыттағы жұмыстар барысында халықаралық тәжірибе ескерілді», - деді орталық басшысы. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан бойынша мектеп пен емхана психологтары, әлеуметтік қызметшілер, сынып жетекшілерін суицидология мәселелері бойынша оқыту қолға алынған. Бұдан бөлек, алдағы оқу жылынан бастап жоғары оқу орнының 5-6 курс студенттері үшін психотерапия, психология бойынша арнайы оқу сағаттары қарастырылады.