Бірақ бұл Магомед үшін соңғы шайқас емес еді. Ол осы жекпе-жекте басынан өте ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Ең басты күрес - өзінің өмірі үшін жанталасқан күрес осыдан кейін басталды. Магомед бұл күресте жеңіп шықты.
Ол миына ота жасалғаннан кейін, тіршілікті қамтамасыз ететін аппаратқа жалғанған күйі бір айдан аса уақыт ес-түссіз жатты. Миына ондаған нейрохирургиялық күрделі ота жасалды. Міне, енді соның барлығы артта қалды. Қазір Магомед тағы бір сынды бастан кешуде. Ол енді толыққанды өмір сүру үшін, өзінің қарым-қабілеттерін қалпына келтіруге барынша күш салуда. Бұл жерде оған жан жары Баканайдың жан аямай көмектесіп жатқандығын айта кеткен жөн.
AllBoxing.Ru сайтының тілшісіне берген сұхбатында Баканай Әбдісаламова соңғы уақытта Магомедтің хал-жағдайының өте баяу болса да, жақсарып келе жатқандығын былайша жеткізді.
«Мен таяуда ғана Дағыстаннан оралдым. Ол жаққа кенже қызымды алып келу үшін және америкалық рұқсатнаманың мерзімін ұзарту үшін барып едім, - деді Баканай өз сөзінде, - Мен келгенше Магомедке ағасы күтім жасап отырды. Қазір кенже қызымыз Магомедтің қасынан шықпайды. Құшақтап бетінен сүйеді. Магомед те одан көзін алмайды, құшақтап аймалағанды жақсы көреді. Енді Магомедтің халі қазір құбылмалы болып тұр. Бірде олай, бірде бұлай дегендей. Бір апта белсенділік танытып, сөйлеуге ұмтылса, бір апта оның айтқан сөздерін түсіну тым қиын болып кетеді. Бірақ айпад жақсы болды. Ол маған не айтқысы келгенін осы айпад арқылы жазады, сурет салып маған сыйлайды. Одан басқа, қазір Магомед өз бетімен тамақтана алатын болды. Қасықты сол қолымен өзі ұстайды. Тамақты жақсы шайнап, жұта алатын дәрежеге жетті. Ол тіпті кейде маған өзі ұнататын дағыстандық тағамдарды дайындап беруімді сұрайды. Мен әрине бар ынта-ықыласыммен жасап беремін. Магомед сондай-ақ, әзіл-қалжыңға да мойын бұратын болды. Қалжыңдасаң күледі, кейді өзі де қалжыңдап қояды.
Бірақ, бірақ оң жағы әлі күнге дейін істемейді, сал болып қалған. Соған қарамастан Магомед кейде оң қолын, оң аяғын аздап қозғалтады. Оң қолын, оң аяғын ұстасаң сезеді. Оңалтау орталығынан шыққалы бері, үйге де үйреніп қалды. Енді құдай қаласа, алдағы аптада тағы да дәрігерге барамыз. Бұдан кейін не істейтініміз, сол дәрігердің айтқандарына байланысты болмақ. Мен енді өз басым Магомедтке едәуір қарқынды физикалық терапия жасауды, ине салуды, қарқынды массаж жасауды бастағым келеді.
Ал Магомедті ұмытпай, көмек қолын созған, тілектес болып жүрген барша жандарға ризашылығым шексіз. Туған-туыстары осындай халде жатқан азаматтарға: «Ешқашан берілмеңіздер. Айығып кететіндеріне имандай сеніңіздер. Шыдамды болыңыздар», - дегім келеді. Мен мысалы, ауыр жарақат алып, 5 жыл төсек тартып жатқан адамның кейін тәй-тәй басып жүріп кеткенін білемін. Сондықтан, айығып кететіндеріне көңілдеріңізде титтей де күмән болмасын, шыдаңыздар, сеніңіздер, күресіңіздер».
Естеріңізге сала кетелік, Магомед Әбдісаламов аса ауыр салмақ дәрежесіндегі ресейлік кәсіпқой боксшы. 1981 жылы 25 наурызда Дағыстан республикасының Махачкала шаhарында туған. Ұлты - даргин. Рингте 19 жекпе-жек өткізіп, 18-інде нокаутпен жеңіске жетіп, соңғы 19-шы жекті жеңіліспен аяқтаған.
2013 жылы 2 қарашада Геннадий Головкин мен Кертис Стивенстің жекпе-жегінің андеркардында (негізгі жекпе-жектің алдында өткізілетін сайыстар) Әбдісаламов бұған дейін жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген кубалық мықты боксшы Майк Переспен кездеседі. Алғашқы раундта-ақ алма-кезек жұдырықтасу басталды. Кездесу 10 раундта созылмайтындай болып көрінген. 2-ші және 3-ші раундтарда ресейлік боксшы сәтті шабуылдар жасады. Дегенмен, кубалық боксшы да қарымта соққылар жасаумен болды. 4-ші және 5-ші раундтар аса шиеленісті өтті. Екі боксшы да ашық айқасқа көшіп, алма-кезек жұдырықтасты. Екі боксшының да ұтымды сәттері болды. 6-шы рауднтан бастап Перес таразы басын өзіне қарай аудара бастады. Ал 10-шы раундта Перестың оң қолымен алға ұмсына ұрған соққысы Әбдісаламовты есеңгіретіп жіберді. Бірақ ресейлік боксшы, қалған соққыларды барынша дарытпауға тырысып бақты. Жігерін жанып, соңғы раунд аяқталғанша жұдырықтасумен болды. Аса шиеленісті өткен 10 раундтық сайыста Майк Перес ұпай айырмашылығымен жеңіске жетті. Ал Әбдісаламов өзінің спорттық жолында тұңғыш рет жеңіліске ұшырады.
Сайыстан кейін бірнеше сағаттан кейін Магомед айналасындағыларға басының айналып, ауырып жатқандығын жеткізеді. Артынша ол Нью-Йорк қаласының госпиталіне жеткізіледі. Дәрігерлер жан түршігерлік диагноз қояды. Магомедтің мұрын сүйегі мен сол қолының білезігі сынған және ең сорақысы миының қан тамырлары зақымдалып, мида ұйысқан қан пайда болған. Оны алу үшін дәрігерлер Магомедті жасанды ес-түссіз күйге енгізіп, миына ота жасады. Одан кейін ісінген мидың ми сауытына түсірген қысымын азайту мақсатында бас сүйегінің бір бөлшегі алынып тасталды. Бірақ, өкінішке қарай, бұл уақытта миға көптеп қан құйылуы онсыз да ауыр халде жатқан боксшының жағдайын одан бетер ауырлатып жібереді. Сондықтан дәрігерлер операциядан кейін Магомедті жасанды ес-түссіз халге енгізіп, тіршілікпен қамтамасыз ететін аппаратқа жалғайды. Оның айығып кететіндігіне ешқандай кепілдік бермейді. Дегенмен, бір айдан аса уақыттан кейін, дәрігерлер қажетті терапиялық ем-домнан кейін, Магомедті «оятуға» қол жеткізеді. Содан оның халі біртіндеп жақсара бастайды. Көп ұзамай дәрігерлер оны Нью-Йорк қаласының маңында орналасқан, миынан зақым алған науқастарға арналған Helen Hаyes оңалтау орталығына ауыстырады. Бұдан кейін Магомедке ми сауытын қалпына келтіру және басқа да бірқатар нейрохирургиялық оталар жасалды. Қазіргі таңда дәрігерлердің рұқсатымен Магомед қыркүйек айынан бері Нью-Йорк маңында өзінің жанұясымен тұрып жатыр.