Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік әділеттің қалыптасу мәселесі» атты тақырыпқа өткен халықаралық конференция барысында Палата Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының жүктеген міндеттеріне сәйкес сенімді құқықтық ортаны қалыптастыру ел экономикасын жаһандық орнықтылық пен сыртқы қатерлерге қарсы тұрақтылықты арттырудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Қазақстанның Ата Заңына сәйкес республиканың әрбір азаматы өзінің бостандығы мен құқы үшін соттық қорғанысқа жүгінуге құқығы бар. Сондықтан да елімізде күшті сот билігін бекіту, ең алдымен жұртшылықтың сотқа деген сенімінің деңгейіне тікелей байланысты. Қазіргі таңда азаматтар өздерінің құқы бұзылғандығы туралы сотқа жиі шағымданатын болды. Статистикаға жүгінсек, жыл сайын билік органдарындағы жауапты тұлғалардың заңсыз әрекеттері туралы сотқа түсетін шағымдар саны артып отыр. Сондықтан да ұлттық құқықты жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі әкімшілік реформалар жүргізуге, әкімшілік-процессуальдық құқық мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты болып табылады»,- деді М. Көпеев.
Оның айтуынша, Қазақстанда 2002 жылдан бастап әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарайтын әкімшілік соттары қызмет етіп келеді. Соңғы жылдары бұл саланы әкімшілік заңнамамен қамтамасыз ету бойынша да маңызды қадамдар жасалған. «Дегенмен, әкімшілік заңнаманы одан сайын дамыта түсудің, оны өмірге ендірудің үлкен әлеуеті сақталып отыр. Бұл жағдайда ең бірінші кезекте әкімшілік әділетті қалыптастырудың маңызы зор», деді вице-спикер.