«Соңыра» мен «Күлпәш»: отандық екі тың туынды көрерменге жол тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада қазақ киносы екі бірдей тың туындымен толықты. «Соңыра» фильмі өрт сөндірушілердің табандылығы мен жанқиярлық еңбегін көрсетеді. Ал «Күлпәш» фильмі ел тарихындағы ашаршылық нәубетін баяндайды. Бір ерекшелігі, екі туынды да қазақ киносы үшін тың тақырыптарды көтеріп, осы бағытта түсірілген алғашқы фильмдер. Сонымен қатар кинотеатрлар репертуары шетелдік хоррорлар мен шытырман оқиғалы туындылармен толықты.

Коллаж: Kazinform/Kino.kz

Kazinform тілшісі аптадағы кино жаңалықтарына шолу жасайды.

Соңыра

Жанры: драма

Ұзақтығы: 95 минут

Ел: Қазақстан, 2026

Режиссер: Дархан Карипов

Қаламқас – өрт сөндіру бөлімінің тәжірибелі, қатал басшысы. Жұмыста өзгелердің өмірін құтқарып жүрген оның өз үйінде шешілмеген мәселесі бар. Күйеуі Әділ – лудоман. Қаламқас оның түзелетініне қайта-қайта сеніп, қызы Зеренің болашағын сақтап қалуға тырысады. Оның әріптестерінің де сыртқа айтпайтын өз ауыртпалығы бар. Мағжан өмір бойы ішетін әкесі мен одан шаршаған анасының ортасында қалған. Жүрсін – жүре алмайтын әйелін аяғынан тұрғызу үшін ем іздеп жүрген қамқор күйеу. Жас жүргізуші Айбек – ауылдағы кедей отбасының үлкені, жақындарын жоқшылықтан алып шығуды армандайды. Ал диспетчер Жамал мен Айбектің арасында біртіндеп жылы сезім пайда болады.

Күлпәш

Жанры: драма

Ұзақтығы: 92 минут

Ел: Қазақстан, 2026

Режиссер: Акан Сатаев

Фильм оқиғасы ХХ ғасырдың басындағы ашаршылық жылдарында қазақ даласында өрбиді. Күлпәш күйеуі және кішкентай ұлымен бірге тіршілік үшін күресуге мәжбүр болады. Аштық, суық пен жоқшылық олардың өмірін күйретеді. Отбасын асырауға шамасы жетпеген күйеуі үмітін үзіп, рухани тірегінен айырылады. Ұлы мен күйеуін аштықтан аман алып қалу үшін Күлпәш жанын азапқа салған шарасыз қадамға барады: жанынан артық көретін жақындарына жасырын тамақ тасу үшін бай шалға кетеді. Бұл — ананың жанқиярлығы, аштықтан қажыған әйелдің махаббаты және жақындарын құтқару жолында адам төлейтін ауыр құн туралы хикая.

Таза ақыл-ойға сыни көзқарас, (Критика чистого разума)

Жанры: драма, романтика

Ұзақтығы: 120 минут

Ел: АҚШ, Франция, Германия, 2024

Олег Борецкийдің Дүниежүзілік философия күніне арналған кино клубы. Неміс философы Иммануил Кант «Таза ақылға сын» еңбегін жазғанда, оның идеялары жады, махаббат, виртуалды шындық және постмодерн дәуіріндегі жасанды интеллект тақырыптарымен астасатынын елестете де қоймаған шығар.

Турбозаврлар. Суперфильм, (Турбозавры. Суперфильм)

Жанры: шытырман оқиғалы, балаларға арналған, отбасылық, фантастикалық мультфильм

Ұзақтығы: 75 минут

Ел: Ресей, 2026

Режиссер: Алексей Цицилин, Тимур Трофимов

Мейірімді динозавр-трансформерлердің құпиясы әшкере болғалы тұр. Енді балалар олармен бірге достарын қорғау үшін күреседі.

SPA-дағы қалыңдық кеші, (Девичник в спа)

Жанры: комедия

Ұзақтығы: 97 минут

Ел: АҚШ, 2026

Режиссер: Джон Лукас, Скотт Мур

Әйелдердің басты жауы – күйзеліс. Одан арылу үшін үш құрбы – Джейн, Коко және Софи барлық шаруасын кейінге қалдырып, өздеріне уақыт бөлуді ұйғарады. Демалыс күндерін SPA орталығында өткізу тамаша идея болып көрінді. Бәрі ойдағыдай өтіп жатқанда, оларға кез келген басқосуды думанды кешке айналдыратын Мел есімді құрбысы қосылады. Сөйтіп, жайлы демалыс әп-сәтте аласапыранға ұласады.

Орман, (Лес)

Жанры: драма, триллер

Ұзақтығы: 100 минут

Ел: Ресей, 2026

Режиссер: Гамлет Дульян

Мәскеулік екі қыз Карелияға саяхатқа шығып, ну орманның ішінде із-түзсіз жоғалады. Орманнан шығуға жасаған әр әрекеті оларды жаңа қауіпке душар етеді. Айналадағы орман тірі секілді: тыныстап, қыздарды аңдып, жібергісі келмейді. Көп ұзамай оның өз заңдылығы бар екені белгілі болады. Ал қыздардың тамақ пен сусыз ұзаққа шыдауы екіталай. Осы уақытта біртүрлі отбасы қараусыз қалған ауыл үйіне көшіп келеді. Алайда мұнда бөтен адамдарды ешкім құшақ жая қарсы алмайды. Өйткені бұл отбасы бұған дейін орманда өмір сүрген.

Бәрін көру, (Увидеть всё)

Жанры: деректі фильм, өмірбаян

Ұзақтығы: 174 минут

Ел: АҚШ, 2026

Режиссер: Нэйтан Филдер, Ланс Оппенгейм

Элизабет Холмс кезінде әлемдегі ең жас миллиардер әйелдердің бірі болған. Алайда өзі құрған компания Кремний алқабындағы ең ірі алаяқтық даудың біріне ілігеді. Бар байлығынан айырылып, түрмеге қамалуға үкім шыққаннан кейін, жазасын өтеуге бір ай қалғанда ол авангардтық әзіл-сықақ жанрында өнер көрсететін комик бастаған түсірілім тобын үйіне шақырады. Уақыт өте келе шындық пен өтіріктің арасы ажыратылмай, жұмбақ алаяқ әйел туралы фильм үш жылға созылған күрделі зерттеуге ұласады.

Қоғамнан шеттетілгендер, Отверженные

Жанры: драма, мелодрама

Ұзақтығы: 180 минут

Ел: Франция, Бельгия, 2026

Режиссер: Фред Кавайе

Бір кездері бір бөлке нан ұрлағаны үшін сотталған Жан Вальжан каторгадан қашып кетеді. Ол әділетсіздік пен кек үстемдік құрған қоғамда адал адам болып өмір сүруге бар күшін салады. Ақыры армандағанына қол жеткізгендей болады: қала әкімі атанып, отбасын құрады. Қайтыс болған қаңғыбас әйелдің қызы Козеттаны асырап алады. Алайда бұрынғы тұтқынының жаңа өміріне наразы полиция инспекторы Жавер оған тыныштық бермейді. Ол Жан Вальжанды қайтадан ұстап, өмір бойына түрмеге қамауды көздейді.

Өмірімдегі ең керемет жазы, Лучшее лето в жизни

Жанры: детектив, комедия

Ұзақтығы: 180 минут

Ел: Ресей, 2026

Режиссер: Андрей Никифоров

Савва мен Аглая – қалада тұратын ағалы-қарындас. Савва компьютерлік ойындарға әуес болса, Аглая ғылымға қызығады. Жазғы демалысқа екеуінің де жоспары бар. Савва ойын фестиваліне баруды, ал Аглая ғылыми лагерьде жобасын жалғастыруды армандайды. Алайда балалардың жиі ұрысып, бір-бірімен келісе алмауының салдарынан үйде күтпеген жағдай болады. Пәтерлерін су басып, артынша өрт шығады. Бұған ашуланған ата-анасы екеуін ауылдағы ата-әжесіне жіберуге шешім қабылдайды. Қала өміріне үйренген балалар үшін ауылдағы тіршілік оңайға соқпайды. Мұнда интернет те, үйреншікті ойын-сауық та жоқ. Оның орнына ерте тұрып, бақшаға қарау, малға жем беру сияқты күнделікті шаруа күтіп тұр. Ал бұл жазғы демалысты Савва мен Аглая мүлде басқаша елестеткен еді.

Аштық ойындары, Голодные игры: Рассвет Жатвы

Жанры: экшн, шытырман оқиғалы, фэнтези, триллер, фантастика

Ұзақтығы: 150 минут

Ел: АҚШ, 2026

Режиссер: Фрэнсис Лоуренс

12-ауданның жас тұрғыны Хеймитч Эбернети 50-ші «Аштық ойындарына» қатысады. Алайда оның жеңіске жету мүмкіндігі аз. Өйткені бұл ауданның өкілі соңғы рет ойындарда осыдан қырық жыл бұрын ғана жеңіске жеткен.

Ана. Ішіндегі зұлымдық, Мама. Зло внутри

Жанры: ужас

Ұзақтығы: 119 минут

Ел: Индонезия, 2026

Режиссер: Рэндольф Заини

Вира анасы Янти және інісі Диномен бірге тұрады. Күйеуімен ажырасқаннан кейін Янти қатты күйзеліске түседі. Алайда екі жылдан соң оның мінезі күрт өзгереді. Көңілді әрі табысты әйелге айналып, жаңа үй сатып алады. Тіпті сұлулық салонын да ашады. Бірақ Вира анасының оғаш әрекеттерін байқай бастайды. Янти салонға келген клиенттерге зиян келтіреді, ұлы Диноға да шабуыл жасайды. Артынша ештеңе болмағандай жүре береді. Анасының неге бұлай өзгергенін түсінбеген Вира шындықты анықтауға кіріседі.

Банкті қалай тонауға болады, Как ограбить банк

Жанры: боевик, криминал, триллер

Ұзақтығы: 121 минут

Ел: АҚШ, 2026

Режиссер: Дэвид Литч

Банк тонаушылар өз қылмыстары туралы әлеуметтік желіде мақтанып жазады. Осыдан кейін полиция олардың ізіне түседі.

Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.