АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 20 жастағы Соня Жиенбаева жұптық сында Оренсе (Испания) ITF W75 турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық спортшы ресейлік Екатерина Яшинамен бірге алғашқы айналымда португалиялық Милана Иванцив – қытайлық Мин Люмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-ресейлік жұп қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты - 6:1, 6:1.
Бәсеке небәрі 53 минутқа созылды.
Соня Жиенбаева – Екатерина Яшина жартылай финалға шығу үшін испаниялық Селия Сервино Руис – франциялық Тифани Леметрмен таласады.
Хард төсенішінде өтіп жатқан аталмыш дода 9 тамызда мәресіне жетеді. Жалпы жүлде қоры 60 мың долларға бағаланған.
Рейтингіде 735-орындағы С.Жиенбаева жекелей сында да өнер көрсетеді. Ол алғашқы айналымда әлемнің 505-ракеткасы, Беларусь өкілі Анна Кубаревадан өтуге тырысып көреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Испаниядағы турнирде топ жарғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).