Соня Жиенбаева Португалиядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Соня Жиенбаева жұптық сында Элвас (Португалия) ITF W50 турнирін жеңіспен бастады.

Фото: Андрей Ударцев

Қазақстандық спортшы литвалық Ивета Дапкутемен бірге алғашқы айналымда португалиялық Мария Гарсия — америкалық Ди Джей Беннетке қарсы келді.

Бірінші партияда португалиялық-америкалық дуэт 6:3 есебімен басымдылық танытты. Дегенмен бұдан кейін С. Жиенбаева — И.Дапкуте ойын тізгінін қолына алып, камбэк жасай білді — 6:2, 10:6. 

Бәсеке сағат жарымға жуық уақытқа созылды. 

Соня Жиенбаева — Ивета Дапкуте жартылай финалға шығу үшін жарыстың 3-ракеткалары, словакиялық Катарина Кузмова — нидерландылық Стефани Джудит Виссхермен таласады.

Биыл сәуірде Билли Джин Кинг кубогы аясында Канадамен іріктеу матчында Қазақстан құрамасы сапында алғашқы ойынын өткізген С. Жиенбаева жекелей сында WTA рейтингісінде 755-орында тұр. Ал жұптық сында кеше жаңартылған рейтингіде 700-ден бірден 606-сатыға көтерілді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінің қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз басталғанын жазған едік.