АСТАНА. KAZINFORM – Каир қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors J300 турнирі мәресіне жетті.
Жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 105-орында тұрған қазақстандық Соня Жиенбаева табысты өнер көрсетіп, жекелей және жұптық сында финалға дейін жетті.
С.Жиенбаева жекелей сында соңғы бәсекеде ғана Польша өкілі Моника Станкевичке (27 ITF Juniors) 4:6, 6:1, 4:6 есебімен есе жіберді. Ал жұптық сында тағы бір қазақстандық Асылжан Арыстанбековамен бірге финалда ресейліктер Дарья Егорова – Юлия Перепахинаға жол берді – 3:6, 1:6.
Соня мен Асылжан Мысырда қалады. Олар осы аптада бірінші санаттағы J500 жарысында бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Дубай WTA турнирінің екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).