АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Соня Жиенбаева жұптық сында Чжэнчжоу (Қытай) ITF W35 турнирінің ширек финалына жолдама алды. Қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Яшинамен бірге бастапқы кездесуінде қытайлықтар Цзин-Цзин Лу — Цю Юй Енің мысын басты.
Бірінші партияда тай-брейкте жергілікті спортшылар үстемдік танытты — 7:6 (7:3). Дегенмен бұдан кейін қазақстандық-ресейлік дуэт ойын тізгінін қолына ала білді — 6:0, 10:5.
Бәсеке сағат жарымға жуық уақытқа созылды.
Сейсенбі күні С. Жиенбаева жекелей сында да өнер көрсетті. Дүйсенбіде жаңартылған әлемдік рейтингіде 759-орынға көтерілген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 544-ракеткасы, қытайлық Ван Цзяиға қарсы келді. Мұнда қытайлық спортшының шеберлігі басым болды — 6:2, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің әлемдік рейтингіде бірден 143 сатыға жоғары көтерілгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).