Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: Су қоймасының 50 пайызы тексерілді

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жоғалған тікұшақты іздеу барысында Сорбұлақ су қоймасының 50 пайызы тексерілді. Бұл туралы Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев айтты.

— 25 шілдеде Қорғаныс министрлігінен Отырарда тікұшақ жоғалғаны туралы хабар алдық. Сол сәттен бастап, жедел іздестіру жұмыстарын бастадық. Берілген бағыт бойынша тікұшақтармен тексердік. Сорбұлақ су қоймасын қарадық. Қазғарыштан алған суреттерден қарағанда жанар-жағармайдың ба ізі болды. Сорбұлақ су қоймасына жақын жерден тікұшақтың бірнеше бөлшегін таптық. Содан бастап штаб құрылып, іздеу жұмыстары басталды, — деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Вице-министр 10 күннен астам уақыт өтсе де, өкінішке қарай тікұшақ табылмай жатқанын айтады. 

— Сорбұлақтың 50 пайыздайын тексердік. Барлық іздестіру жұмысы Қорғаныс министрлігінің басшылығымен өтіп жатыр. Біз күш-құралдарымызды бердік. Қазір таң атқаннан күн батқанға дейін іздеу жұмыстары жүргізілуде. Сорбұлақ суының тереңдігі 5-тен 25 метрге дейін жетеді. Асты батпақ. Тіпті 1 метр тереңдік көрінбейді, лай, — деді Кеген Тұрсынбаев.

Айта кетейік, 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен

Бір күннен кейін жоғалған тікұшақтың бөлшектері табылғаны белгілі болды.