Сөрелердің кемінде 50%-ы қазақстандық өнімдермен толтырылуы тиіс — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Сөрелердің кемінде 50 пайызы қазақстандық азық-түлік өнімдерімен толтырылуы тиіс. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Арман Шаққалиев айтты.
— Министрлік жұмысының тағы бір маңызды бағыты — тауарлардың экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл бағыт өнімдердің бағасы мен сапасы бойынша қол жетімділігін ғана емес, сонымен қатар отандық өнімдермен сауданы ынталандыруды да қамтиды. Отандық өндірушілерді қолдаудың маңызды құралы министрлікке сөре кеңістігін тағы 20 пайызға кеңейту бойынша қарсы міндеттемелерді қоя отырып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау функциялары алғаш рет берілгені болды.Енді сөрелердің кемінде 50 пайызы қазақстандық азық-түлік өнімдерімен және кемінде 20 пайызы азық-түлік емес тауарлармен толтырылуы тиіс, — деді министр.
Оның атап өтуінше, тұтынушыларды алдау болдырмау үшін өнімнің сапасы мен экспозициясына қойылатын талаптар күшейтілді.
— Біз ішкі сауда инфрақұрылымын жүйелі жаңғыртуды жалғастырамыз және заманауи көп форматты саудаға көшеміз. Стратегиялық мақсатымыз — 2029 жылға қарай олардың үлесін 70 пайызға дейін жеткізу, — деді ол.
Бұған дейін Арман Шаққалиев сауда министрлігінің басым міндеттерін атағанын жазған едік.