SOS балалар ауылынан түлеп ұшқан әрбір төртінші бала - жоғары білімді маман

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның үш қаласы - Алматы, Астана мен Теміртауда «SOS балалар ауылдары» бар. Оның қарапайым балалар үйінен айырмашылығы қандай? Біз Астанадағы балалықтың бақытты мекеніне бас сұғып, «SOS Астана балалар ауылы» мемлекеттік емес білім мекемесінің директоры Зәуреш Арыстановамен сұхбат құрған едік.

- Зәуреш Сәкенқызы, SOS балалар ауылы Қазақстанға қалай келді?

- Жалпы, мұндай типтегі балалар үйі алғаш рет 1949 жылы Австрияның Имсте қаласында ашылды. Оны ұйымдастырған - дәрігер Герман Гмайнер. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жетім қалған балалар өте көп еді. Дәрігер сол жетімектерді аш-жалаңаш қалдырмай, аман-сау азамат етіп өсіруді көздеді. Қазір мұндай балалар үйі әлемнің 132 елінде жұмыс істеуде. Ал Қазақстанға бұл жобаны алып келген - еліміздің бірінші ханымы Сара Назарбаева. 1995 жылы Қазақстан Үкіметі мен «SOS KINDERDORF INTERNATIONAL» халықаралық қоры арасында келісімшарт жасалып, 2000 жылы ең алғашқы SOS балалар ауылы балаларға кең құшағын ашты.

Бірінші кезекте бұл - отбасылық типтегі 14 үйден құралған ауыл. Әр үйдің тұрғындары - бір отбасы болып саналады. Оларға қамқор болатын анасы бар, оны SOS-ана деп атайды. SOS-ана ретінде жалғызілікті немесе балалары есейіп кеткен әйелдерді жұмысқа аламыз. Өйткені, ол 24 сағат осында тұрады және қарамағындағы балалардың күнделікті тіршілігі үшін жауапты. Әр отбасында 5-6 бала бар. Туған бауырлар бір жанұяда ғана өсіп-жетіледі, бір-бірінен ажыратпаймыз. Бүгінде ауылымызда 63 бала тәрбиеленуде. Одан өзге бізде 3 Жастар үйі бар. 39 бала сонда мекендеп, колледждер мен университеттерде білімін жалғастырып жатыр. Қуанарлығы - бізден түлеп ұшқан әрбір төртінші баланың жоғары білімі бар немесе ЖОО-да оқуда. Ересек өмірге қадам басқан 18 жас түлегіміз өз бетінше шаңырақ көтеріп үлгерді.

- Бұл тек балалар ауылына қатысты жағдай. Одан өзге қандай жобаларыңыз бар?

- Әлбетте, біз басқа да көптеген іс-шаралардың басы-қасында ұйытқы болып жүрміз. Соның бірі - отбасы беріктігін нығайту және әлеуметтік жетімдіктің алдын алу жөніндегі жобамыз. Соның аясында біз жайсыз, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы немесе мүгедек баласы бар, сондай-ақ ата-анасы науқас отбасылардағы ахуалды қадағалап отырамыз. Шаңырақ шаттығы бұзылып, үйде кикілжің мен дау-жанжал орын алмас үшін, түрлі себептермен балалар жетім қалмас үшін қолдан келген көмекті аямаймыз. Яғни, мұнда материалдық жағынан көмек (азық-түлік, түрлі қажетті заттар, дәрі-дәрмек) береміз, әлеуметтік, медициналық, құқықтық, психологиялық және білім жағынан қолдау көрсетеміз. Әуелі әр отбасымен келісімшарт жасалады. Сол құжат арқылы әр ата-ана біздің көмегімізді босқа кетірмей, бар игілікті балаларының өмірін жақсартуға жұмсаймыз деп уәде береді. Осылайша біз бүгінде 63 отбасындағы 252 баланың жетім қалмауы үшін қол ұшын созып отырмыз.

Сонымен бірге ресурстық орталығымыз бар. Ол интернаттан түлеп ұшқан балаларға қолдау көрсетуді мақсат етеді. Атап өтетіні - SOS ауылының ғана емес, кез-келген балалар үйінен шыққан жеткіншек осы орталықтың көмегіне жүгіне алады. «Алқызыл желкен» атты коррекциялық дамыту және мектеп алды даярлық орталығында өз SOS ауылымыздың және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мектепке дайындық курсынан өтеді. Мұнда 73 бүлдіршін білімін жетілдіргенін айта кеткен абзал. Міне, бүгінгі таңда біз осындай жобаларды іске асырудамыз.

- Бала асырап алу ісі қалай жүріп жатыр?

- Бұл шаруа соңғы екі-үш жылда ғана қарқын ала бастады. Біздің 4 баламыз қазір патронаттық тәрбиеде, 2 баланы асырап алды. Тағы 3 баланың өз отбасын тауып бердік. Олар сөйтіп абайсызда ажырап қалған жақындарына қайта оралды. Дегенмен, бұл салада да проблемалар аз емес. Мені бала асырап алуға ниетті азаматтардың психологиялық дайындығы ойландырады. Олардың перзентті болсам деген ниеті жақсы, әрине. Алайда, бала ойыншық емес. Алдыма әртүрлі адамдар келеді. Мәселен, бір әйел өз мақсатын былай түсіндірді: «Менің дәулетіме ие болып қалатын мұрагер керек». Мен оған «Сәби ана махаббатына, қамқорлық пен күтімге мұқтаж. Балаға тек мұрагер ретінде қарауға болмайды ғой» десем, «Жасым қырықтан асты, өзім туа алмаймын. Енді асырап алмағанда қайтем? Баланы қарайтын күтушіні табу қазір қиын емес. Менің қолым босай бермейді», - дейді ол.

Сондай-ақ мынадай да жағдайлар бар. Отбасындағы жалғыз бала қайтыс болғанда анасы қатты күйзеледі де, тез арада бала асырап алып, қайғысын солай жеңілдетуге тырысады. Аналық махаббатын асыранды балаға арнауға бел буады. Бірақ мұндай кезде әке оған дайын болмауы мүмкін. Сондықтан мен алдыма келген көптеген азаматтарға баланы бірден асырап алмай, әуелі жақын танысып-білісіп, тіл табысып, белгілі бір мерзімге бірге тұруды ұсынамын. Балаға да «бұл кісілер біраз уақытқа сені үйлеріне алып кетпекші, бұл тек уақытша» деп түсіндіремін. Өйткені, бүлдіршінді әуелі қуана-қуана алып кеткенімен, кейін әкеліп тастаған ата-аналар да болған. «Біз іздеген бала бұл емес. Мінез-құлқы сәйкес келмейді екен, қателесіппіз» деп оп-оңай тастап кете береді. Бұл бала психикасына кері әсер етеді. Онсыз да тағдырынан аз теперіш көрмеген қамкөңіл балаға тағы да керексіз болып қалғанын түсіну өте ауыр. Осы орайда біз бір жобаны қолға алып жатырмыз. Ол - ата-аналар мектебі. Әр ата-анамен арнайы жұмыс жүргізіп, бала асырап алуда кездесетін қиыншылықтар жайлы мағлұмат бермесек, алдын ала әзірлемесек болмайтын түрі бар.

- Сіздерде SOS -ана бар екен. Алайда бала толыққанды тәрбие алу үшін әке де қажет емес пе?

- Өте қажет. Бұл жағын да қарастырып жатқан жайымыз бар. Ол үшін қордың ережелеріне өзгерістер енгізбекпіз. Өйткені, бала тәрбиелеуде әкенің орны бөлек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Жанат Қ АПАЛБАЕВА