Сот Әбілязовтің ісі бойынша сотталушылардың соңғы сөзін тыңдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс бойынша тараптардың сөз сайысы аяқталды. Бүгін түстен кейін сот сотталушылардың соңғы сөзін тыңдады.

БТА банк төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов пен банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш соңғы сөзінде өз кінәсін толықтай мойындады. «Сотқа дейінгі және сот отырысы кезіндегі тергеуде жасалған қылмыстардың механизмдерін ашуға көмектестім. Мен 121 эпизод бойынша өзімнің кінәмді толығымен мойындаймын және істеген қылмысыма қатты өкінемін»,-деді Ж. Жарымбетов.

Ол Қазақстанға өз еркімен қайтып оралғанын тілге тиек етті. Айта кетелік, Ж. Жарымбетовтің сотқа дейінгі тергеуге берген және басты сот отырысында айтқан жауаптары Мұхтар Әбілязовтің көптеген қылмысының бетін ашып берді.

«Ағымдағы жылдың қаңтар айында мен Қазақстан Республикасының Түркиядағы консулына өтініш хат жазып, өз еркіммен елге оралатынымды жеткіздім. Қазақстанға қайтып оралғаннан кейін тергеу басталған алғашқы күннен бастап-ақ әрбір эпизод бойынша өз кінәмді толық мойындадым. Сотқа жасалған қылмыстың әртүрлі механизмдерін ашуға жәрдемдестім. Әбілязов мырзаның қылмыстық желісін ашып бердім. Өзімнің кәсіби білімімді ескере отырып, әрбір кесте мен эпизод бойынша толыққанды түсініктеме бердім. Сотта бүкпесіз барлық шындықты айтуға тырыстым және жеткілікті жауаптар бердім»,-деді тараптардың сөз сайысында Жақсылық Жарымбетов.

Сотталушы өзінің сотқа берген жауабы Мұхтар Әбілязовтің барлық іс-әрекеттерін барынша кеңірек ашуға мүмкіндік бергенін мәлім етті. «Мен өзімнің түсініктерім арқылы тергеуге көп пайдамды тигіздім деп ойлаймын»,-деп сөзін аяқтады Жақсылық Жарымбетов.

Өз кезегінде БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмәш те істеген қылмысына өкінетінін айтты. «Мен қолыммен істеген қылмысымды мойныммен көтеруге дайынмын. Мемлекеттік айыптаушы тараптың ұстанымымен толық келісемін»,-деді соңғы сөзінде С. Мәмәш.

БТА банктің несиелеу жөніндегі экс-директоры Қайрат Садықов өз кінәсін мойындаған жоқ. Соған қарамастан ол соттан өзін толық ақтауды сұрады.

Айта кетелік, мемлекеттік айыптаушылар соттық тыңдау барысында қылмыстық іс бойынша сотталушыларға қанша жыл жаза сұрайтынын хабарлаған болатын. Олар бас фигурант Мұхтар Әбілязовты - 20 жылға, Қайрат Садықовты - 18 жылға, Жақсылық Жарымбетов пен Сәдуақас Мәшешті - сынақ мерзімімен шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айта кетерлігі, сот отырысының басында Жақсылық Жарымбетов өз кінәсін толық мойындады. Тараптардың сөз сайысының алдында Сәдуақас Мәмәш те істеген қылмысына өкінетінін және өз кінәсін толықтай мойындайтынын мәлімдеді. Прокурорлардың Жарымбетов пен Мәмешке шартты түрде жазаны сұрауына олардың өз кінәсін толықтай мойындауы себеп болғанға ұқсайды.

Прокурор БТА банкке келтірілген шығынды сотталушылардан бірдей көлемде өндіріп алуды талап етті. Сонымен қатар, ол Қайрат Садықовқа қатысты бұлтартпау шарасын сот залынан қамауға алуға өзгерту туралы хабарлады.

Қылмыстық іс бойынша сот үкімі алдын-ала ағымдағы жылдың 2 маусымы күні сағат 10.00-ге белгіленді.