Сот әкені аутизмге шалдыққан баласының оңалту шығындарын өтеуге міндеттеді

Фото: «Асыл Мирас» Аутизм орталығы

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының Ювеналды сотында кәмелетке толмаған баланың әкесіне қарсы азаматтық іс қаралды. Іс анасының баланы емдетуге және оңалтуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу туралы болды.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлім еткендей, бұған дейін заңды күшіне енген сот шешімімен жауапкердің әкелік құқығы анықталып, балаға алимент және қайта куәландыру мерзімі аяқталғанға дейін қосымша қаражат өндіру белгіленген болатын.

Талап қоюшы қосымша шығындарды өндіру туралы талап қоюын дәлелдей отырып, баланың мүгедектік мерзімі ұзартылғанын көрсетті. Осыған байланысты ол баланың толыққанды оңалтуын қамтамасыз ету үшін психолог, логопед, өзге де медициналық және педагогикалық мамандардың қызметіне төленетін ескерілмеген шығындарды өзі көтеріп отырғанын атап өтті.

Сотта жауапкер мен оның өкілі талап қоюды мойындамады, жауапкердің қазіргі некесінен тағы бір кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, қосымша шығындарды 15 АЕК-тен аспайтын мөлшерде өндіруді сұрады.

Сотта анықталғандай, балада аутизм спектрінің бұзылысы (аутизм) диагнозы қойылған, ол үздіксіз кешенді емдеуді және әлеуметтік бейімдеуді қажет етеді. Бала «жеті жасқа дейінгі мүгедек балалар» санатына жатқызылып, медициналық қайта куәландыру мерзімі белгіленген.

— Ұсынылған дәлелдемелерді, қосымша шығындардың бар екендігін, сондай-ақ кәмелетке толмағанның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қажеттілігін ескере отырып, сот талап қоюдың негізді екендігі туралы қорытындыға келді. Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылды. Жауапкерден кәмелетке толмағанның оңалтуына қосымша шығын ретінде ай сайын 25 АЕК мөлшерінде — қайта куәландыру мерзімі аяқталғанға дейін өндіріп алу белгіленді. Шешім заңды күшіне енді, — делінген сот таратқан ақпаратта.

Атырауда аутизмге шалдыққан баланың анасы мемлекеттік мекемені өтемақы төлеуге сот арқылы міндеттегенін жаздық.