Сот Алматы қалалық денсаулық сақтау орталығындағы ұрлық ісіне нүкте қойды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Бостандық ауданының № 2 аудандық сотында Қоғамдық денсаулық басқармасының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономикалық контрабанда фактісі бойынша «V» ЖШС құрылтайшысы мен директорына, атап айтқанда, бірнеше рет, алдын ала сөз байласу арқылы, адамдар тобында, дәйексіз мәліметтер мен құжаттарды пайдалана отырып, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы аса ірі мөлшерде өткізуге (ҚК-нің 2 б. 234-бап) қатысты іс қаралды.

Сот үш қабатты медициналық маскаларды жеткізуге тендер жариялағанын анықтады.

«V» ЖШС директоры мен құрылтайшысы медициналық маскаларды жеткізу түрінде дәйексіз құжаттар бойынша рұқсат алып, ҚР аумағына медициналық үш қабатты маскаларды емес, барлық қажетті баждарды төлей отырып, кедендік рәсімдеуге жататын жай маскаларды алып келген, осылайша экономикалық контрабанда жасады.

Содан кейін, «V» ЖШС компаниясының директоры «С» ЖШС директоры және басқа да тұлғалармен сөз байласты, сондай-ақ, Алматы қ. ҚДСБ-ның лауазымды тұлғаларымен қылмыстық сөз байласуға түскен. Іс жүзінде мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша медициналық маскаларды ұсынбаған, ал бөлінген қаражатты аса ірі мөлшерде иемденіп, ысырап ету жолымен ұрлаған.

Алматы ҚДСҚ-ға келтірілген залал 234 млн-нан астам теңгені құрады.

Алматы бойынша МКД-ға келтірілген залал 19 млн теңгені құрады.

Прокурор жарыссөзде соттан барлық сотталушыларды тағылған айып бойынша кінәлі деп тануды және құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Алматы бойынша МКД жәбірленушінің өкілі прокурордың жаза тағайындау туралы ұстанымымен келісті.

Алматы ҚДСБ өкілі жазаны соттың қарауына қалдырды.

Осы іс бойынша 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оларға қылмыстық жолмен алынған мүлікті (ақшалай қаражат) тәркілей отырып, қатысу дәрежесіне қарай 3 жылдан 7 жылға дейін және 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот материалдық залалды мемлекет кірісіне 254 млн. теңге сомасында өндіріп алды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Автор: Думан Арғынгелді