«Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін қолдану үшін сотқа жалпы 3 350 азамат жүгінді. Оның ішінде 33 адам 13 млрд теңгеге банкрот деп танылды. 4 адам төлем қабілетін қалпына келтіріп жатыр», - деді М.Сисембаева.
Оның айтуынша, аталған 33 адамның банк алдындағы қомақты қарызы жинақталып қалған.
«Кезінде банктер жеке кәсіпкерлерге қарыздарды берген. Қазір бұл адамдарда кәсіпкерлігі жоқ, яғни жеке өзі ғана қалған. Сондықтан осы адамдар сот арқылы банкрот деп танылып жатыр. Бұл ретте, кезінде осы қомақты қаражатты берген банк өкілдеріне біраз сұрақ бар. Осы орайда Қаржы нарығын реттеу агенттігіне хат жолдадық. Яғни мұндай қомақты қаражат берген қаржы ұйымдарынан сұрау болу керек шығар. Біз тек банкроттық мәселені реттеп жатырмыз. Қазір 5-15 жыл қарызын өтемеген адамдар келіп жатыр», - деді комитет өкілі Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Еске салсақ, 2023 жылы 3 наурыздан банкроттыққа өтінім қабылдау басталады.
Содан бері 19 тамыздағы жағдай бойынша соттан тыс банкрот рәсіміне 109 мың 696 адам өтініш берді. 35 млрд тегеден астам сомаға 15,1 мың адам банкрот деп танылды.
Атап айтқанда, елімізде қарыз мәселесін шешудің 3 рәсімі ескерілген, яғни соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіру жолдары бар. Соттан тыс банкроттық банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алындағы 1600 АЕК-тен (5,9 млн теңгеден аспаса) төмен берешек бойынша қолданылады. Бұл іс-шара 6 айға созылады. Оның барысында борышкердің шоттарындағы қаражатқа, мүлікке қатысты мониторинг жасалады.