Сот Астананың Онкологиялық орталығынан 300 млн теңге өндіріп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы «Онкологиялық орталық» ШЖҚ МҚК мен «СК-Фармация» ЖШС арасында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу келісімшартын жасасқан.

«СК-Фармация» ЖШС келісімшарт бойынша өзіне жүктелген міндеттемелерді орындаған. Ал Астана қаласының Онкологиялық орталығы жеткізілген өнімдердің бір бөлігінің ақысын төлемей, келісімшарт талабының бұзылуына жол берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс материалын зерделеген Астана мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты  «СК-Фармация» ЖШС-ның пайдасына 319 197 670 теңге көлеміндегі берешек сомасын өндіріп алуды үкім етті.

Астана қаласы сотының азаматты істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы шешім өзгеріссіз қалды.

Шешім заңды күшіне енді.