Сот билігі бүгінде өзін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғай алатын тұрақтандырушы күш ретінде көрсетіп отыр - М.Әлімбеков

АСТАНА. Желтоқсанның 7-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның  сот билігі бүгінде өзін азаматтардың құқықтарымен бостандықтарын қорғай алатын және қоғамдық әлеуметтік қақтығыстардан сақтандыра алатын тұрақтандырушы күш ретінде көрсетіп отыр.

Ал еліміздің сот-құқықтық жүйесін жетілдірудің болашағы соттар мен судьялардың біліктілігін арттыру және араздасушы тараптарды өзара татуластыру, яғни медиация шараларын енгізумен байланысты. Бұл туралы бүгін Берлинде өтіп жатқан «Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы: құқықтық және сот реформасы саласындағы тұрақты даму» атты  тақырыптағы халықаралық конференциясы барысында Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоғарғы сот төрағасы өзінің сөзінде әкімшілік сот қызметіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, елімізде өз алдына жеке әкімшілік-процессуалды кодекс қабылдайтын уақыт жетті. Ал жаңа заңнама жаңа үлгідегі әкімшілік соттардың қалыптасуына ықпал етуі тиіс және олар азаматтардың құқықтары мен ұйым, мекемелердің мүдделерін тиімді қорғай білуі тиіс.

Сондай-ақ М.Әлімбеков еліміздің азаматтық-процессуалдық заңнамаларын өзгерту қажеттігін атап көрсетті. Оның айтуынша, бүгінде республика судьялары өздерінің құзырына жатпайтын жұмыстармен айналысып келеді және бұл жұмыстар олардың 66 пайыз жұмыс уақытын алады. Заңдарды жетілдіру олардың қызметін біршама оңтайландыруға септігін тигізеді. «Сондай-ақ елдегі заңдардың құқық бұзуға жол ашатын кетіктеріне тосқауыл қойылу керек. Корпоративті мәселелерге қатысты және жалған кәсіпкерлікті реттейтін заңнамалар да жетілдіруді қажет етеді. Сонымен қатар қылмыстық процессуалдық кодекске қатысты да жаңа көзқарас қалыптастырып, қорғаушының қылмыстық сот өндірісіне қатысып, айыпталушының құқықтарының қорғалу деңгейін арттырып, сот өндірісін барынша кәсібилендіруге күш салу қажет», деді М.Әлімбеков.