Сот отырысы барысында бұрынғы вице-министрі Саят Шаяхметовтің қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев айыпталушыны үйқамақта ұстау жағдайын жеңілдетуді сұраған болатын. Бұл ретте адвокат соттан айыпталушыға кешкi сағат 20.00-ден бастап таңғы 8-ге дейiн үйқамақта болу туралы шектеуді тағайындау жөнінде өтiнiш жасаған. Оның айтуынша, айыпталушының әйелі жүкті әрі науқас, сондықтан да медициналық мекемелерге қаралу барысында оған көмек қажет. «С.Шаяхметовтің әйеліне қарайласып қана қоймай, балаларының тәрбиесiмен айналысуға жағдай жасалса», - деді ол.
Алайда бұндай өтінішті судья Б. Сыздықов қолдамады.
Естерiңiзге сала кетейік, бүгiн Астанада №2 Алматы аудандық сотында бұрынғы ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Саят Шахметовке қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сотта айыпталушылар қатарында «Қазақстан Республикасының салынып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы» ЖШС бас директоры Александр Пак пен «ЗАК Сервис» ЖШС бұрынғы бас директоры Роман Киреев, сондай-ақ, аталған ЖШС қазіргі директоры Алексей Тутубалин бар. Ал айыптау қорытындысына келер болсақ, аталған тұлғаларға қазынаның 1,15 млрд теңге қаржысын жымқырды делінеді.
«Киреев, өзінің қызметтік лауазымын пайдала отырып, Шаяхметовпен, Пакпен, Тутубалин және басқа да белгісіз тұлғалармен алдын-ала сөз байласу арқылы1 миллиард 154 миллион 618 мың 819 теңге көлемінде бюджет қаржысын жымқырып, өзара бөліске салған. Олар 2010 жылдың желтоқсанынан бастап 2012 жылдың желтоқсанына дейін жалған кәсіпкерлік шоты арқылы ақшалай қаржының жартысын ұрлаған. Соған орай, Саят Шаяхметов, мемлекеттік міндеттерді орындауға уәкілетті тұлға бола тұра, Алексей Пак мемлекеттік міндеттерін орындайтын тұлғаға теңестірілген лауазым иесі бола тұра, Алексей Киреев, Алексей Тутубалин бюджетке шығын келтіріп, сеніп тапсырылған мүлікті жымқырған», - деді сот отырысында айыптау қорытындысын оқыған прокурор Сәуле Сыдықова.