Ақтау қаласының әкімдігінде қызмет ететін маманға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша түскен әкімшілік іс құжаты қаралып, онда құқықбұзушылықтың болмауына байланысты өндірістен қысқартылған.
Айта кетейік, 22 қыркүйек күні әлеуметтік желіде мемлекеттік қызметшіге қатысты видое жарияланып, ол қалың көпшілік арасында қызу талқысына түскен еді. Бейнетаспа иесі қаладағы дәмхананың бірінде болған Е.Әнесовтің «даяшыға төлем чегін мемлекеттік тілде сұрап, даяшыдан да мемлекеттік тілде жауап беруін талап еткенін, тіл тигізгенін» жазған болатын. Алайда, онда нақты қандай сөздер айтқаны көрсетілмеген.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Е.Әнесовке қатысты Әдеп кодексінің 7-тармағы 3-тармақшасын, 5-тармағы 2-тармақшасы бойынша Ақтау қаласы әкімінің атына ұсыныс енгізген еді.
Ал Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі қызметтік тексерістің тағайындалғанын хабарлаған болатын.
«Сот видеотүсірілімдерді қарау барысында Е.Әнесовтің айналасындағыларға әдепсіздік танытып, басқаның ар-намысына тиетін сөздер айтқаны анықталған жоқ», - делінген хабарламада.