Сот Екатеринборда тағы бір «Макдоналдсты» жапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екатеринбордың теміржол аудандық соты сейсенбі күні Челюскинцев көшесінде орналасқан тағы бір "Макдоналдс" мейрамханасын 80 тәулікке жабу туралы шешім қабылдады, деп жазады шетелдік БАҚ.

Осыған дейін Ресей тұтынушылар бақылау ұйымы (Роспотребнадзор) бір мейрамхананы сот шешімі шыққанға дейін жапты. Себеп - санитарлық ережелердің бұзылуы.

Осыған дейін Екатеринбордың Лениндік соты өзге мекен-жайда орналасқан "Макдоналдс" мейрамханасын уақытша жабу шешімін шығарған.

"Макдоналдс" мейрамханаларындағы тексерістер Ресейде тамыз айынан басталды.

Шамамен 10 мекеменің жұмысы уақытша тоқтатылды. Олардың бірқатары сот шешімі бойынша жабылды. Компания бұл шешімдерге шағымданатынын айтқан.

Ресейдің 75 аймағында фастфуд желісінің 430 нысаны бар.