Сот «ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ ісі бойынша прокурормен процестік келісім жасаған 12 тұлғаға қатысты үкім шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта прокурормен процестік келісім жасаған «ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ-ның 12 лауазымды тұлғаларына қатысты үкім жарияланды.

 2016 жылғы 27 мамырдағы сот отырысы барысында оларға қатысты қылмыстық іс келісімдік іс жүргізуде қарау үшін жеке өндіріске бөлінген болатын, деп хабарлады Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 612 бабы тәртібімен барлық 12 айыпталушы кінәні мойындау туралы прокурормен мәміле нысанында процестік келісім жасасты. Аталған айыпталушылар тағылған айып бойынша кінәларын толық мойындады. Олар бұрын сотталмаған,  жасаған іс-әрекеттеріне өкінген және келтірілген залалдың орнын толтырған. Бұдан бөлек, олар қылмыстарды ашуға белсенді көмек көрсетіп,  қылмыстық әрекеттің басқа да сыбайластарын әшкерелеуге ықпал еткен. Процестік келісімдерде олардың бұл қылмыстың істе «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-дан жәбірленуші тарап ретінде  келісімге келгендігі баяндалған. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, процестік келісімді жасау барысында  міндетті түрде күдікті (айыпталушы) тарапынан айыптауға және іс бойынша қылмысты жасағанына қолда бар дәлелдемелерге, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпауы, жәбірленушінің келісуі ескеріледі. Бұл заңның нормасы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыста.

Келісімдік өндірістегі қылмыстық істі қарау нәтижесінде барлық айыпталушылар  өздеріне тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды және процестік келісім тәртібімен әртүрлі жазалау шарасымен сотталды.

Қ.Үсенов ҚР ҚК-нің 307 бабының 1 бөлігі (қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, 1997 жылғы 16 шілдедегі редакция), 28 баптың 5-бөлігі  189 бабының 4-бөлігінің 2 тармағы (сеніп тапсырған аса ірі көлемдегі бөтен мүлікті иемденіп алуға жәрдемдесу) бойынша кінәлі деп танылды. Оған қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚР ҚК-нің 58 бабының 3-бөлігін қолдана отырып,  2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеу тағайындалды.   Үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы күзетпен ұстауға алмастырылып, ол сот отырысы залында қамауға алынды. Сот Қазақстан Республикасы Президентіне   Қ.Үсеновті «Құрмет» ордені мемлекеттік марапатынан  айыру туралы ұсыныс жасады.

М.Шорманов, А.Тлекметов ҚР ҚК-нің  189 бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырған аса ірі көлемдегі бөтен мүлікті қылмыстық топпен иемденіп алу немесе жымқыру) кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығанан айыру түріндегі жазаны жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеу тағайындалды.

Н.Ақпамбетов, С. Сеитов, Р.Ақылбаев, С. Сардарбеков, С.Найзабеков, Т.Сағындыков,  Е.Тлеуов, С.Ильин  ҚР ҚК-нің 28 бабының 5-бөлігі  189 бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырған аса ірі көлемдегі бөтен мүлікті иемденіп алуға жәрдемдесу) «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның ақшалай қаражаттарын жымқыруға жәрдемдескендері үшін  кінәлі деп танылды.

С.Сеитовке 5 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Н. Ақпамбетовке  4 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза берілді.

Р.Ақылбаевқа 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеу белгіленді.

С.Сардарбековке, С.Найзабековке, Т.Сағындықовқа, Е.Тлеуовке  әрқайсына 10 000 АЕК мөлшерінде (19 820 000 теңге) айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

С.Ильинге 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеу белгіленді.

В.Пягай ҚР ҚК-нің 28 бабының 5-бөлігі  176 бабының 4-бөлігінің «б» тармағы бойынша (сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе жымқыруға жәрдемдесу, 1997 жылғы 16 шілдедегі редакция) кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдарда басшы қызметін атқару құқығынан 2 жыл мерзімге  айыра отырып,  шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Оған қатысты пробациялық бақылау бекітілді.

В.Пягайдан бөлек барлық 11 сотталғанға қатысты сот заңымен қарастырылған, қылмыстық жолмен табылған немесе қылмыстық жолмен табылған қаражаттарға алынған мүлкiн тәркiлеу, мемлекеттік органдармен коммерциялық ұйымдарда басшы қызметін атқару құқығынан айыру түріндегі  қосымша жаза шарасы  қолданылды. Бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғалар сот залында қамауға алынды.

Ескерте кетсек, қылмыстық іс бойынша 23 сотталушы бар. Олар қылмыстық әрекеттің бес эпизоды бойынша айыпталуда.  Сот талқылауы 2016 жылғы 4 сәуірде басталып, екі ай мерзімде қаралды. 

Іс бойынша қалған 11 сотталушыға, оның ішінде ұлттық компанияның («ЭКСПО-2017») экс-басшысы Т.Ермегиявке қатысты  үкімнің  жариялануы   Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2016 жылғы 9 маусымда сағат 16.00-ге жоспарланған.