Сот Ерасыл Әубәкіровтің өліміне қатысты істі 22 тамызда қарайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық медициналық институттың студенті Ерасыл Әубәкіровтің өліміне қатысты сот процесі 22 тамызда қаралмақ. Бұл туралы Астана қалалық соты хабарлады.

Сот алдына қылмыс жасады деген күдікпен тартылып отырған Нұрбек Әжімбай,  Виталий Шерстенев пен Андрей Тихоненко шығады. Істі судья Айжан Шаяхметова қарайды.

Еске сала кетейік, медицина университетінің студенті Ерасыл Әубәкіров 3 ақпанда із-түзсіз жоғалған. 10 ақпанда Астана қаласы ІІД-нің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында бұдан бұрын хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Е.Әубәкіровтің мәйітін тапқан болатын. Адам өлтірді деген күдікпен төрт адам - Аян Мейірбаев, Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев және Нұрбек Әжімбай ұсталды.

А.Мейірбаев қылмыстық істе ең басты күдіктілердің бірі болған. Бірақ кейін Аян Мейірбаевқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды, 7 мамырда Астана прокурорының келісімімен Аян Мейірбаев босатылды.