Сауалнама азаматтардың елімізде жүргізіліп отырған реформалар, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру аясындағы қазақстандық соттардың жұмыс сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттанушылық деңгейін анықтау мақсатында жүргізілуде.
Респондент ретінде Қазақстанның барлық өңірлерінен сот процесіне тікелей қатысушылар: талап қоюшылар (өтініш берушілер); жауапкерлер; жауаптылыққа тартылатын тұлғалар; адвокаттар; прокурорлар; мемлекеттік органдардың өкілдері; аталған сервисте тіркелген басқа да адамдар қатысуда.
19-сәуір күнгі жағдай бойынша сауалнамаға 7192 респондент қатысқан.
Сауалнамаға қатысушылардың саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы (18%), Алматы қаласы (12%) және Қарағанды облысы (11%) алғашқы үштікке кіреді.
Сауалнамаға мәртебесі бойынша талап қоюшылар (45%), «Сот кабинеті» сервисінің басқа да қолданушылары (34%), мемлекеттік органдардың өкілдері (7,5%), адвокаттар (6,3%), жауапкерлер (6%), жауаптылыққа тартылатын тұлғалар (0,7%) және прокурорлар (0,5%) қатысты.
Сәуір айының 4-і мен 18-і аралығындағы сауалнама нәтижесін талдау респонденттердің соттар жұмысына жалпы оң баға беретіндігін көрсетті.
Сауалнамаға қатысушылар сот кеңселерінің жұмысына, сот процесіне, судьялардың іріктелуі мен әдебіне, ақпараттық технологияларға, сот ғимараттарының жайлылығына, заңнаманы өзгертуге қатысты ұсыныстар берген. Барлық ұсыныстарға «Сот кабинеті» сервисінде тиісті жауаптар берілетін болады.
Оnline-сауалнама жалғасуда, оған қатысу үшін азаматтар «Сот кабинеті» сервисіне (https://office.sud.kz/index.xhtml) тіркелуі керек.
Сервисте тіркелу электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүргізіледі.