Сот қаулысын ішімдік ішіп бұзған атыраулық 20 тәулікке қамалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының тұрғыны наурыз айында сот қаулысымен алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салу жөніндегі ерекше талапты бұзған. Сот қаулысымен ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. 

Фото: pixabay.com

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. 

– Атырау қаласының тұрғыны И.-ға сот қаулысымен 1 жыл мерзімге алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салу түріндегі ерекше талаптар белгіленген. Алайда 2025 жылдың наурыз айында тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде И.-дың алкогольдік ішімдік ішкен күйде болғаны анықталған. Осылайша ол соттың қаулысын бұзған, - деп хабарлады аталған соттан. 

И.-дың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы және сауалнама хаттамаларымен, сот қаулысымен және басқа да іс материалдарымен расталды.

– Сот қаулысымен И. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданылды, - деп мәлім етті соттан.

Сот қаулысы заңды күшіне енді. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері 100 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталғанын жазған едік.