Сот қызметтерінің заңнамалық процессуалдық нормасын дәйекті түрде жетілдіру маңызды - Елбасы

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Сот қызметтерінің заңнамалық процессуалдық нормасын дәйекті түрде жетілдіру маңызды.

Бұл туралы бүгін ҚР Судъяларының VI съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Сот қызметтерінің заңнамалық процессуалдық нормасын дәйекті түрде жетілдіру маңызды. Қазірдің өзінде жаңа Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жобалары дайындалды. Ол ұзақ уақыт бойы әрі тыңғылықты әзірленді. Біз оны барлығымыз көрдік, оның ішінде мен де. Онда соттардың жаңа құзіреттері, оның ішінде жеңілдетілген жаңа сот өндірісі тәртібі қарастырылған. Сот қарауы барысындағы соттық бақылау аясы, судьялардың өкілеттігі кеңейеді», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы елімізде одан әрі ізгілендіру жүргізіліп жатқандығын, дегенмен судьялар өз жұмыстарын әлсіретіп алмай әрбір іске тыңғылықты қарауы керектігін баса айтты.

«Бұл кодекстерді жақын арада қабылдап, іске қосу судьялар қызметінің сапасын, жеделдігін арттыру үшін жаңа мүмкіншіліктер ашады», - деді ҚР Президенті.