Сот Мәдениет және спорт министрлігін спортшыға тиісті сыйақысын төлеуге міндеттеді
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысқан спорт ардагерінің пайдасына шешім шығарды.
М. – халықаралық деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері және чемпионы. Ол 2016 жылдан бастап 2024 жылға дейін Қазақстан туы астында өнер көрсеткен. Спортшы 2016-2017 жылдары алған жүлделі орындары үшін тиесілі ақшалай сыйақыны төлеу туралы өтінішпен Мәдениет және спорт министрлігіне жүгінген болатын.
Алайда министрлік талап қою мерзімінің өтіп кеткенін негізге алып, төлем жасаудан бас тартқан.
- Бұл шешіммен келіспеген спортшы сотқа жүгінді. Істі қарау барысында сот талапкердің халықаралық спорттық жетістіктерін және Қазақстан атынан сынға түскенін растады.
Сот министрліктің бас тартуын негізсіз деп таныды. Себебі әкімшілік және бюджет қатынастарына талап қою мерзімі қолданылмайтыны анықталды. Сонымен қатар, сыйақы төлемдерін реттейтін қолданыстағы ережелерде өтініш беру мерзіміне қандай да бір шектеу қарастырылмаған, - делінген ақпаратта.
Сот сондай-ақ ұқсас жағдайларда, яғни 2021-2024 жылдар аралығында дәл осындай өтініштер бойынша министрліктің төлемдер жасағанын атап өтті.
Соттың шешімі бойынша, Мәдениет және спорт министрлігінің 2016 және 2017 жылдардағы ақшалай сыйақы төлемдерінен бас тартуы заңсыз деп танылып, министрлікке тиісті соманы өтеу міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, жақында Қысқы Азия ойындарына қатысып, жүлдегер атанған 85 спортшы мен 32 жаттықтырушыға қаржылай сыйақы берілді.