Сот мемлекеттік еңбек инспекторының «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарсы арызын қанағаттандырды
20:17, 26 Қазан 2015
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Теміртау қаласында мемлекеттік еңбек инспекторының «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның өз жұмыскерлерінің жалақысын 25 пайызға азайту туралы бұйрығына қатысты жазған арызы қанағаттандырылды. Бұл туралы қалалық соттан хабарлады.
«Сот мемлекеттік еңбек инспекторының «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ын өз жұмыскерлерінің жалақысын 25 пайызға азайту туралы бұйрығының күшін жою туралы шешім шығаруға мәжбүрлеу туралы талаптарын қанағаттандырды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қарсы талаптары қанағаттандырылған жоқ», - деді Теміртау қалалық сотының кеңсесінен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіпте шағым немесе наразылық білдіруге болады.
Еске сала кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның бас директоры 2015 жылдың 4 қыркүйегінен бастап барлық қызметкерлерінің жалақысын 25 пайызға қысқарту туралы бұйрыққа қол қойған. Бұл шешімі геосаяси факторлар және «нарықтың айтқысыз жағдайларымен» түсіндірілді.