Сот Младичті Гаагаға экстрадициялауға рұқсат етті

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Әскери қылмыстар бойынша Белград соты 27 мамырда Сербия қарулы күштер штабының бұрынғы басшысы Ратко Младичтің Гаагадағы әскери қылмыстар бойынша халықаралық трибуналға жөнелтілетіні жөнінде шешім қабылдады,

деп хабарлайды Agence France-Presse.

Бұған дейін Младичтің туыстары мен адвокаттары бұрынғы генералдың ауыр халіне байланысты оны Гаагаға экстрадициялауға болмайтындығы жөнінде айтқан болатын. Сондай-ақ олардың пікірінше, оның еш кінәсі жоқ көрінеді.

69 жасар күдіктінің денсаулық жағдайын екі белгі куәландыра алады: оның бір қолы жансызданған,сондай-ақ алда өткен сот отырысында ол судьяның қойған сұрақтарына бірде-бір тұщымды жауап қайтара алмады.

Соған қарамастан, 27 мамырда сот оның денсаулығы Гаагаға ұшу жолын көтере алады деген шешім қабылады.

Младич 1992 жылы Сербия Республикасы Әскери штабының басшысы болып тағайындалып, 1996 жылға дейін әскер басқарған болатын. Гаага трибуналы прокурорларының мәлімдеуінше, сол уақыт аралығында ол бірқатар әскери қылмыстар жасаған. Оның ішінде 1995 жылғы Сребреництегі сегіз мың мұсылманның өлімі бар.

Младичті іздестіру жұмыстары соңғы 16 жыл бойы үздіксіз жалғасқан болатын. Оның отбасы соттан оны өлді деп жариялауын да өтініп еді, алайда сот оған негіз жоқ деп шешті. Экс-генералды 26 мамырда Сербияның солтүстігіндегі Лазерево ауылында тұтқындады.