Сот мүшелері жемқорлық әрекеттеріне қатаң жаза қолдануға мүдделі - Жоғарғы сот судьяларының жалпы отырысы
14:03, 09 Шілде 2010
АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Судьялар арасында жемқорлық әрекеттері көбейіп кетті деген пікірмен келіспеймін», деді Қостанай облыстық сотының төрағасы Бағлан Мақұлбеков. Бұл пікірін ол бүгін еліміздің сот жүйесінің жарты жылдық қорытындысына арналған Жоғарғы сот судьяларының жалпы отырысында білдірді.
«Жұмыс болған соң қателіктің де болуы заңды. Бірақ қазіргі таңда елде сыбайлас жемқорлықпен қатаң күрес жүріп жатыр және бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесіз де емес. Судья лауазымын иемденген әрбір азамат Президент пен халыққа адал қызмет ететінін айтып, Ант қабылдайды. Меніңше судьялар осы Антта айтылған мәселелер төңірегінде жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал сот шешімдерінің кей жағдайда өзгеріп жататыны рас. Алайда ол сыбайлас жемқорлықпен байланысты емес. Әрине, судьялар арасында жемқорлыққа жол бермеу басты мақсат. Сондықтан біз мұндай жағдайлар орын ала қалған жағдайда да оған қатысты қатаң шара қолдануға мүдделіміз», деді облыстық сот төрағасы.