«Сот-медициналық сараптама орталығы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құзырында болатын. Ал 1 қаңтардан бастап бұл орталық Әділет министрлігінің қарамағына берілді. Біздің «ведомствоның құзырына не себепті берілді?» деген сауалға тоқталатын болсақ, сот-медициналық сараптама жұмыстары қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік істермен және тергеумен байланысты. Сондықтан құқық қорғау саласына жақын болғандықтан, олардың жұмыстарының барлығын бір мемлекеттік органның жанына біріктіру мақсатында жасалып отыр», - деді министрдің орынбасары.
Осы орайда ол сонымен қатар биылғы 1 шілдеден сот-наркологиялық сараптамасы да Әділет министрлігінің құрамына кіретінін атап өтті.
«Ал 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап сот-психиатриялық сараптама орталығы да біздің министрліктің қарамағына кіреді деп жоспарланып отыр. Осы орталықтардың барлығы Әділет министрлігінің құзырына енгенсін, жалпы сараптама жұмысы бір мемлекеттік органның жанында жиналады»,- деді Б. Әбдірайым.
Оның сөзіне қарағанда, бұл шаралар аяқталғаннан кейін, бұл саладағы мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік жасалады.