Бұл туралы бүгін Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына байланысты жергілікті және өзге де сот өкілдерімен болған селекторлық мәжілісте айтты.
Жоғарғы сот төрағасының мәжіліске қатысып отырған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қарата айтқан сөзінше, сот қызметкерлері істі болғандардың барлығын жаппай түрмеге тоғытуға ұмтылып отырған жоқ. «Әйтпесе түрме реформалары жөніндегі қайбір қауымдастық өкілдері түрлі мәлімдемелер жасауда. Алайда мен мұндай салмақты мәлімдемелердің нақты деректер мен мәліметтерге негізделуі керектігін айтқым келеді. Істі болған кез-келген азамат өзінің істеген әрекетіне қарай жауап беруі керек»,-деді Жоғарғы сот төрағасы.
Осы ретте ол жаза қолдану мәселесі қашанда сот қызметкерлерінің назарында болуы керектігін ескертті. «Сот тәжірибесін мұқият зерттеп-зерделеп, негізсізден-негізсіз ешкімнің де темір торға қамалмауын қамтамасыз ету керек. Ал шын мәнінде азаматтарға қасірет әкелетін ауыр қылмыс жасағандар заң талаптары бойынша қатаң жауапқа тартылулары керек», - деді Б.Бекназаров.