Сот орындаушылар «Отбасы банк» салымшыларынан 3,4 млрд теңге жымқырған — Үкімет сағаты
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Үкімет сағатында жеке сот орындаушылары жасаған өрескел әрекеттерді жіпке тізгендей баяндап берді.
— «Отбасы банктің» материалдары бойынша, 3 жеке сот орындаушы азаматтардың жинақтаған қаражатынан түрлі сылтаулармен 3 млрд 442 млн теңге жымқырған. 2023 жылы жеке сот орындаушылар 4740 есептен шығару актісі арқылы 1 млрд 721 млн теңгеге қалтасына салған. Ал 2024 жылы 8995 акт арқылы 1 млрд теңгеге жуық ақша шешіп алған. Бұл алаяқтықты іске асыру үшін жеке сот орындаушылар жылжымайтын мүлікті сату, жалға алу агенттіктерімен, риэлторлармен, нотариустармен ауыз жаласқан. Бәрі бір қылмыстық топ болып жұмыс істеген, — деді ол.
Депутаттың пайымдауынша, жеке сот орындаушылардың ашық тізбесін енгізу керек.
— Азаматтар әр жеке сот орындаушыны әрекетіне сай бағалап, рейтингісі төмен, қоғам наразылығы мен ашуына іліккендер саладан біржола аластатылуы керек. Жеке сот орындаушыларды мемлекеттік функцияларды атқаратын лауазым иелерінің қатарына енгізу керек. Сонда ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жауапкершілікке тарта алады. Қазір халық бандит пен қарақшыдан емес, полиция мен сот орындаушыдан қорқады. Сот шешімін орындатуға міндетті қызметкердің өзі қылмыскер алаяқ болса, не болмақ, — деді Бақытжан Базарбек.
Осы жиында шағын несиесін өтемеген азаматтардың 2,5 млн құжаты жеке сот орындаушылардың қолында жүргені мәлім болды.