Сот орындаушылары 6 млрд теңгеден астам сомаға балалардың мүдделерін қорғады

АСТАНА. KAZINFORM – Сот орындаушылары 6 млрд теңгеден астам сомаға балалардың мүдделерін қорғады. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты. 

Фото: Әділет министрлігінен

«Күрделі алименттік өндірістердің кемуі еліміздің өңірлерінде мүлікке тыйым салуды, мәжбүрлеп жеткізуді, сондай-ақ әділет органдары мен жеке сот орындаушылары палаталарының көмегімен борышкерлерді жұмысқа орналастыру сияқты кешенді шаралардың арқасында байқалады», - деді ол.

Мәселен, ресми өкілдің дерегінше, алимент бойынша берешегі бар Алматы қаласындағы борышкер қарыздарын өтеу мақсатында 3 бөлмелі пәтерін өндіріп алушыға табыстап, ай сайын 500 000 теңгеден төлеп отыр. Ал Павлодар облысындағы борышкер бір мезгілде 5,5 млн, Ақмола облысындағы борышкер 65 млн теңге мөлшерінде соманы төледі. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында борышкер қарызын өтеу мақсатында медиация тәртібімен жеке үйін берді.

«Мұндай мысал аз еместігін атап өткім келеді. Осылайша, сот орындаушыларының күшімен 6 млрд теңгеден астам сомаға балалардың мүдделері қорғалды. Естеріңізге сала кетейін, бүгінгі таңда 12 мың өндіріс бойынша берешек әлі де болса 14,6 млрд теңгені құрайды», - деді Талғат Уәли.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің қай өңірінде алимент төлеуден жалтарғандар көп екенін хабарлаған болатынбыз.