Сот орындаушылары кірісе алмайтын берешек сомасы 157 мың теңгеге дейін кеңейтілуі мүмкін

Фото: Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет алдындағы салық пен айыппұл берешегі 20 айлық есептік көрсеткішке (78 640 теңге — ред.) жетпейтін азаматтардың ісіне сот орындаушыларды жолатпай, робот арқылы өндіру тәсілі халықтың 900 млн теңгесін үнемдеп қалған.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаева Үкімет сағатында осындай дерек келтірді.

— Азаматтардан сот орындаушылардың әрекетіне қатысты көптеген шағым түсіп жатыр. Қоғамда сот орындаушыларға деген жағымсыз көзқарас қалыптасқан. Депутаттарға халықтан жиі келетін шағымдардың бірі — өндіріп алынатын соманың 25 пайызын сот орындаушылары өз қызметі үшін алуы. Осыған байланысты депутаттар азаматтарға түсетін қаржы жүктемесін азайту үшін былтыр оңайлатылған іс жүргізу институтын енгізді. Енді 20 айық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектерін робот өндіреді. Сот орындаушы мүлдем қатыспайды. Осының арқасында азаматтардың 900 млн теңгеден астам теңгесі үнемделген, — деді ол.

Сондай-ақ, Дәния Еспаева бүл шекті әлі де ұлғайту керектігін айтты.

— Алдағы уақытта бұл шекті 40 АЕК-ке дейін (157 280 теңге — ред.) кеңейту жоспарланып отыр, — деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Бұған дейін Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев та сот шешімін цифрлық технологиялар арқылы орындату жұмысының аясы кеңейетінін айтқан еді.