Сот орындаушыларының жүктемесі ауыр - Әділет министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 2,5 мыңға тарта сот орындаушы қызмет етіп жүр. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин «айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қиын салалардың бірі сот шешімдерін орындауға қатысты болып тұр. Елімізде 2,5 мыңға жуық сот орындаушысы бар. Оның ішінде 263-і мемлекеттік және 2221-і жеке сот орындаушы болып қызмет етіп жатыр», - деді Қ. Мусин елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, сот орындаушыларына тиесілі жүктеме өте ауыр болып тұр. Сот актілерін орындауға қатысты бір қызметшіге жүктелетін істер саны артқан. Қазіргі кезде олар борышты өтеу және басқа да мәселе бойынша түрлі саланы қамтып тұр.

Әділет министрлігінің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында 18 мемлекеттік және 253 жеке сот орындаушысы бар.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл ақпан айында сот орындаушылардың өндірісінде жалпы көлемі 9 трлн теңгеден асатын 6 млн 760 642 құжат болған.