Сот пен БАҚ-тың өкілдері бір-бірін неғұрлым жақсы түсінсе, қоғамдық қауіпсіздік те соғұрлым нығая түседі - Жоғарғы сот төрағасы

АСТАНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бұқаралық ақпарат құралдарында сот саласына қатысты жарияланған материалдарды сараптау жұмыстары сот жүйесінде көңіл толтырарлықтай өзгерістердің бар екендігін көрсетті.

Оның үстіне соңғы жылдарда сот органдарына шағымданушылар саны артып отыр. Осының өзі азаматтардың сот қызметіне деген сенімінің көрсеткіші деуге болады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Сот билігі және БАҚ» тұрақты форумында Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, сот та ақпарат құралдарының өкілдері де қоғамда болып жатқан мәселелермен айналысады. «Бұл орайда сот пен ақпарат құралдарының өкілдері бір-бірімен неғұрлым жақсы тіл табыса білсе, қоғам соғұрлым әділеттілікке жақын болады. Сонда ғана біз қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз» деді төраға.

Оның пайымдауынша, көпшілік сот органдарынан басқа органдарға қарағанда көп нәрсе күтеді. Бұл өз кезегінде сот қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. «Сот билігінің қоғам алдындағы кескін- келбеті олардың өздеріне байланысты. Сондықтан да біз бүгін өз қатарымызды кездейсоқ адамдардан тазартуға тырысудамыз.

Бұны сот саласының қызметкерлері жақсы түсініп отыр. Айталық, судьялардың кейбірінің соңғы уақытта біршама жайсыз оқиғаларға қатысты болғандығы баршаға мәлім. Олар сот саласында ұзақ жылдар қызмет еткеніне қарамастан «маған бір рет жіберген кемшілігім үшін кешіріммен қарамады» деген жоқ. Қайта өзінің лауазымының қаншалықты биік және оған деген жаапкершіліктің де жоғары екендігін түсіне отырып, өз еркімен қызмет орнын босатты. Мұндай мәселелерге түсіністікпен қараған жөн», деді М.Әлімбеков.