Сот премьер-министр Роберт Фицоға оқ атқан ер адамды қамауға алды

Фото: Фото: VLADIMIR SIMICEK / AFP

АСТАНА. KAZINFORM – Сот премьер-министр Роберт Фицоның өміріне қастандық жасады деген күдікке ілінген 71 жастағы зейнеткер және «Озық Словакия» оппозициялық либералдық партияның жақтаушысы Юрай Цинтуланы қамауға алды, деп хабарлайды Еuronews.

Словакиялық БАҚ-тың хабарлауынша, айыптаушы тарап қаскүнемнің әділ соттан қашып, жаңа қылмыстар жасауы мүмкін деп қауіптену себебімен шабуылшыны қамауға алуды талап еткен.

Ер адам бұған дейін саяси себептермен адам өлтіруге оқталу бабы бойынша айыпталған болатын. Сот отырысында ол өз кінәсін мойындады. Цинтуланың ісін Братислава маңындағы Пезинок қаласының соты қарады. Шабуылшы 25 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

«Біз үкіметтің ол (Фицоға қатысты) бастаған жұмысын жалғастыратынына келістік. Бұл келесі аптада министрлер кабинетінің кем дегенде екі отырысы болатынын білдіреді: бірі кезекті және екіншісі еуропалық қорлармен келіссөздерге байланысты арнайы отырыс». - деді Словакия премьер-министрінің орынбасары және елдің қорғаныс министрі Роберт Калиняк. 

Еске сала кетсек, қастандық 15 мамырда Р.Фицоға Словакияның Гандлов қаласында үкіметтің көшпелі отырысы өткеннен кейін халық алдына шыққан кезде жасалды. 

Фицо кеуде, іш қуысы және қолынан жарақат алған. Ол Банска-Бистрицадағы ауруханаға жеткізілді. 

Словакиялық БАҚ ұсталған адамның жеке басы туралы мәліметтерді жариялады. Ол Словакияның батысында орналасқан Левица қаласының 71 жастағы тұрғыны Юрай Цинтула болып шықты.

Екі күн бұрын Словакия премьер-министріне екі рет ота жасалды. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалады. Калиниак сонымен қатар Фиконың есін жиғанын, бірақ оның жағдайы жақын күндері оны Банска-Бистрицадан Братиславадағы ауруханаға жеткізуге мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоға қастандық жасалуына байланысты бұл террорлық әрекетті қатаң айыптайтынын және мұндай қараулықты мүлде ақтауға болмайтынын мәлімдеді.