Сот процесінде Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер барысында зардап шеккен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тыңдалды
Әдеттегідей сот отырысынан кейін Маңғыстау облыстық сотының ресми өкілі Нұрлан Күнтуов брифинг өткізді.
Оның мәлімдеуінше, бүгін кезекті сот отырысы уақытылы басталды. Сот залына процеске қатысушылармен бірге, сотталушылардың туыстары мен халықаралық және республикалық қоғамдық ұйымдардың бақылаушылары кіргізілді. Бүгін сот процесіне жалпы алғанда 300-ге жуық адам қатысты.
Процесс барысында сотталушылардың бірі П.Дүйсенбаевтың денсаулығының нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырылып, оған тиісті көмек көрсетілді. Содан соң процесс одан әрі жалғасын тапты.
Сот процесінде жәбірленушілер, соның ішінде 2011 жылғы 16-17 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында орын алған тәртіпсіздік барысында зардап шеккен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тыңдалды. Тәртіп сақтауды қамтамасыз еткен, іс бойынша жәбірленуші болып танылған тұлғалар 12 қорғаушы мен 6 мемлекеттік айыптаушының сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, қорғаушы Б.Көшкенбаевтың сотталушы П.Дүйсенбаевқа байланысты «қамау» бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініші қаралды. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша П.Дүйсенбаевтың денсаулығы қалыпты жағдайда екендігі ескеріліп, сот өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды.
Жалпы бүгінгі сот отырысы ҚР қылмыстық-прцессуалдық заңнама талаптарына сай өтті.
Сот отырысында бүгін 10 жәбірленушіден жауап алынды.
Келесі сот отырысы ертең сағат 10.00-ге тағайындалды.