Сот процестерінің айқындығы - Жоғарғы Соттың басым міндеттерінің бірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда, қолданыстағы 1 396 сот залының 1 029 залы аудио-бейне тіркеудің жаңа жүйесімен жарақтандырылған. Ал 136 залда АБТ жүйесі толығымен жаңғыртылды.

Жалпы алғанда, бұл көрсеткіш сот залдарының жалпы санының 83% құрайды. Биыл ескі және бос тұрған сот отырысы залдарын (367 зал) жаңа жүйемен жарақтандыру жоспарланған. Бұл республика бойынша АБТ жүйесімен 100% жарақтандыруға қол жеткізуге мүкіндік береді.

Мәселен, жыл басынан бастап, барлығы 310405 сот отырысы тағайындалса, солардың ішінде 261277 сот отырысы АБТ жүйесін қолдана отырып қаралды, ол республика бойынша қолданудың 84,6% құрайды.

Қазіргі таңда республика соттарында сот процестеріне аудио-бейне тіркеу жүйесін енгізу белсенді түрде жүргізіліп келеді. Бұл жұмыс «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20-қадамына сәйкес жүргізілуде.

«Аудио-бейне тіркеу жүйесі» сот процестерін техникалық тіркеуге арналған: оқиғаның басталуы, оқиғаның атауы, қатысатын адамдар және қысқаша түсініктер, соттың құрамы туралы мәліметтер, істің нөмірі және т.б. хронологиялық кезеңділікпен көрсетілетін сот отырысының қысқаша хаттамасын жасау АБТ жүйесі жұмысының нәтижесі болып табылады.

Хаттама жасау процесін жеңілдету үшін АБТ-де оған қатысатын адамдардың тізбесі, сондай-ақ істі тыңдаған уақытта болуы мүмкін барлық негізгі әрекеттердің шаблондары мазмұндалады. Шаблондардың тізбесін редакциялауға немесе толықтыруға болады.

Жүйе жазып алынған ақпараттарға қолжетімділікті және оны бұрмалау мүмкіндігін болдырмайды. АБТ жүйесінде процеске барлық қатысушыларды бір уақытта жазу үшін бір мезгілде 8 микрофонға дейін және бейне жазу үшін 1 арна қосу мүмкіндігі қарастырылған.

АБТ жүйесінің функционалдылығына келер болсақ, сот отырысын сандық аудио-бейне жазып алуға, сот отырысының қысқаша хаттамасын жасауға мүмкіндік туып отыр. Аудио-бейне тіркеуді жүргізер алдында сот отырысына қатысушылар бойынша деректер енгізу мүмкіндігі, облыстық соттардың локалдық серверінде және Жоғарғы Соттың орталық серверінде аудио-бейне файлдарды және ілеспе ақпараттардың сақталуына жол беріп отыр. Сот органдарының (сот ісін жүргіу бөлігінде) ақпараттық жүйелермен және «Сот кабинеті» секілді басқа да ақпараттық жүйелермен интеграция жүргізілген.

Аудио-бейне файлдарға қолжетімділік тиісті құқықтары бар веб-браузер және есептік жазба арқылы сот органдарының корпоративтік желілеріндегі кез-келген компьютерден қамтамасыз етіледі, жүйеде файлдарға санкцияланбаған қолжетімділік мүмкіндігін болдырмайтын рұқсат құқығының ара-жігі ажыратылады.

Жүйелердің шешуші артықшылығы аудио және бейнежазбаны синхронды жазып алу, жасалған жазбаларды синхронды түрде тыңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл сот залында өтіп жатқан әрекеттер туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Процестің жазбасын жазу режимінде де, сақтау режимінде де өзгертуден және бұрмалаудан қорғау жүйенің сенімділік деңгейінің көрсеткішін білдіреді.

Сот отырысының жазбаларын Жоғарғы Соттың бірыңғай серверінде және жабалардың өзектілігін сақтау үшін «НИТ» АҚ деректерді өңдеу орталығында сақтау қарастырылған. Аудио-бейнефайлдарға санкцияланбаған қолжетімділік мүмкіндігін болдырмайтын рұқсат ету құқығының ара-жігін ажырату мүмкіндігі бар көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесі, АБТ жүйесінің жұмыс істеу қабілеті бойынша мониторинг және журнал жүргізу көзделген.

Осы жүйе Украина, Беларусь, Ресей және Сингапур т.б. елдердің сот жүйелерінде аудио-бейне тіркеудің қолданыстағы әлемдік тәжірибесін ескере отырып жасалынды.

Аудио-бейне тіркеу сот актісін құқыққа қайшы шығарылған актілерге немесе судья мен сот отырысына қатысушылардың заңсыз әрекеттері кезінде дәлелдеме ретінде пайдаланылуы мүмкін.

АБТ жүйесінің мониторингі үшін тиісті функционал әзірленген. Ол сот отырысын дер кезінде жүргізуді айқындауға, АБТ қолданылғаны туралы есеп беруге, АБТ жүйесінің репликациясы мониторингін жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл соттарға өз жұмысының анық жұмыс кестесін қамтамасыз етуге және оны бұзуға жол берген адамдарға шара қолдануға мүмкіндік береді. Мысалы, егер қатысушы процеске кешігіп қалса, АБТ жүйесі оған қатысты тисті шара қабылдауға нақты негіз болып табылады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында құқық тәртібі және заңдылық мәселесіне ерекше назар аударылған.

Ұлт жоспарында: «Екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.

Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді.

Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.

Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе - сапалы судьялар корпусын жасақтау.

Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.

Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс.

Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады.

Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.

Сот реформасының маңызды қыры - сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өту.

Тек бірінші, апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтілетін болады. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады.

Қазақстандағы сот төрелігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялығына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі.

Сот залдары сот істерін аудио және видеожазудың аппаратураларымен жарақтандырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді.

Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.

Сот жүйесін реформалау шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастайды.

Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылады.

Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және судьялық корпус өкілдерінің қабылданады деп күтіліп отырған Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарайтын болады.

Екіншіден, Жоғарғы Сот жанынан дауларды, оның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған алқа құрылатын болады.

Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.

Үшіншіден, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде соттарда, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде, айыптау мен қорғау арасында теңгерім қамтамасыз етілетін болуы тиіс.

Бұған адамның конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін тергеу судьясының барлық тергеу әрекетін санкциялау бойынша өкілеттіліктерін одан әрі қарай кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.

Төртіншіден, қазақстандық соттардың төрағалары - құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екенін ұмытпау маңызды.

Сондықтан олардың тарапынан басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі мүлдем болмайды.

Бесіншіден, мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарту арқылы жеке сот орындаушыларының институты одан әрі дамытылады.

Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шаралардың маңызы ерекше.

Менің тапсырмам бойынша бүгінде құрметті зейнетке шыққан судьяларды зейнетақылық қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерін шешуді қарастыратын заң қабылданғаны белгілі. Бұл судьяларға бар күш-жігерін сот төрелігін барынша объективті атқаруға аудару мүмкіндігін береді.

Бұдан бөлек, бізге барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуіміз қажет.

Бұл үшін жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Осындай қызмет тұтастай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты.

Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр.

Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған.

Сондай-ақ, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бірқатар елдерінде табысты қолданылып келеді. Осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.

Пенитенциарлық жүйені жақсарту көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту шеңберінде жүргізілуі тиіс.

Шетелдердің табысты тәжірибелері жеке секторды пенитенциарлық мекемелерді салу мен пайдалануға тарту жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.

Сондай-ақ, бұған дейін заңнан аттап, сонысы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал ету маңызды.

Бұл үшін әлеуметтік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады.

Тұтастай алғанда, Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнықтырылуы - біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз. Белгіленген шаралар мен қадамдарды жүзеге асыру азаматтардың, сондай-ақ, шетел инвесторларының ұлттық сот және құқық қорғау жүйесіне сенімін арттырып, тұтастай алғанда, еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартады» делінген.